Президент Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қатысты заңға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
-Мемлекет басшысы «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды,-делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
ҚР Көлік министрлігінің хабарлауынша, өзгерістер ИКАО Кеңесінің құрамын 36-дан 40 мүше мемлекетке дейін ұлғайтуды қарастырады.
Түзетулердің күшіне енуі үшін оларды ИКАО-ға мүше мемлекеттердің кемінде үштен екісі (128 ел) ратификациялауы қажет. Бүгінгі таңда 123-тен астам мемлекет ратификациялау рәсімін аяқтады.
Аталған Заңның қабылдануымен Қазақстан Орталық Азияда Чикаго конвенциясына енгізілген бұл өзгерістерді ратификациялаған алғашқы мемлекеттердің біріне айналды.
Бұл қадам еліміздің халықаралық міндеттемелерге, сондай-ақ тиімді басқаруды дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған Чикаго конвенциясының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділігін растайды.
Сонымен қатар, Заңға қол қойылуы Қазақстанға ұшу қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарды және авиациялық саясатты қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді, сондай-ақ алдағы ИКАО Ассамблеясының Төтенше сессиясы аясында ИКАО Кеңесіне өз кандидатурасын ұсыну ниетін бекітеді.
Осыған дейін Мемлекет басшысы ҚР Үкіметі мен ХҚДБ арасындағы келісімге қатысты құжатқа қол қойды.