Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде Мемлекет басшысына Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысы баяндалды.
Жанат Элиманов Заңсыз кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық жүйенің FATF ұсынымдарына сәйкестендірілгенін айтты.
Президент Агенттіктің жаңадан тағайындалған төрағасына көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге және қаржы саласының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, 16 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Жанат Қалдыбекұлы Элиманов Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.