Президент қазақ-қытай қарым-қатынасындағы технологиялық ынтымақтастыққа назар аударды
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс. Бұл туралы Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Атап айтқанда, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
— Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет.
— Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл — жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 1 қыркүйек күні ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында бірқатар құжатқа қол қойылды.