Президент ҚХА сессиясында мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттарына тоқталды – Қарин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы жай ғана мерейтойлық іс-шара ғана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттарын атап өткен тағы бір маңызды оқиға ретінде есте қалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Президент ҚХА сессиясында мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттарына тоқталды – Қарин
Фото: Ақорда

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының баяндамасы мазмұнды болды әрі өзекті тақырыптардың кең ауқымын қамтыды: 

Біріншіден, Президент қазіргі кездегі көптеген сын-қатерге қарамастан, ұлтаралық келісімді нығайту барлық мемлекеттік органдардың, әсіресе, халықаралық аренадағы күрделі шиеленіс пен белгісіздік жағдайында басты басымдықтардың бірі болғанын, алдағы уақытта да басты басымдықтардың бірі бола беретінін атап өтті. 

Екіншіден, Мемлекет басшысы ҚХА туралы түрлі болжамдарды жоққа шығарып, Ассамблея қызметіне жоғары баға беріп, оның этносаралық қатынастар саласындағы барлық мемлекеттік саясатты дамытудың стратегиялық штабы ретіндегі жаңа перспективті рөлін айқындады. 

Үшіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің біртіндеп ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігін тағы да қадап айтты. Бірақ бұл – эволюция арқылы жүріп келе жатқан белес. Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту мiндетi салмақты, парасатты көзқарас негiзiнде шешiледi. Ал тіл мәселесін саясиландыру немесе арандату әрекеттері тоқтатылады. 

Төртіншіден, Мемлекет басшысы тарихқа сындарлы, объективті көзқараспен қарау керегін айтты. Осы тұрғыда келе жатқан Жеңістің 80 жылдық мерейтойының ерекше маңыздылығын атап өтті. Еліміз үшін бұл соғысты еске алу, ең алдымен, қаһарман жерлестерімізді еске алу. Еліміз бойынша 500-ден астам көшеге майдангерлердің есімін беру туралы шешім біздің осы соғысқа қатысушылардың рухына деген құрметпен қарайтынымызды тағы бір мәрте көрсетеді. 

Бесіншіден, Президент ішкі және сыртқы саясатта әрқашан тек ұлттық мүддемізді негізге ала отырып әрекет ететінімізді, біреудің нұсқауын орындамайтынымызды нақты айтты. Сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық пен халықаралық құқық нормаларын сақтауға негізделген барлық серіктеспен диалогқа назар аудару басты орында екенін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар