Президент қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіруді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қоғамдық бақылау бірыңғай жүйе бойынша жүргізілмейді, оны бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысты жүйелеп, қоғамдық бақылау тетіктерін ретке келтіруді Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі бағыттарының бірі деп атады.

қоғамдық кеңес
Фото: senate.parlam.kz

Президенттің айтуынша, мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады.

— Бірақ қоғамдық кеңестерде мұндай байланыс та, тәжірибе де болмаған. Сондықтан біз алғаш рет Халық Кеңесі арқылы осы жұмысты қолға аламыз. Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осы орайда қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек, — деді Қ. Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.

Халық Кеңесі қоғамдық кеңестермен тұрақты байланысты жолға қойып, оларға арналған жан-жақты қолдау шараларын қарастыруы қажет.

— Үкіметке Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесіп, мұндай құрылымдардың кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырамын. Тағы бір маңызды мәселе — қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Бұл — Кеңес қызметінің негізгі бағытының бірі. Дегенмен қазір елімізде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды көбірек тартқан жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент 1 жылда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атады.

Сондай-ақ Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды.