Президент Үкіметке Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасын реттеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елде халықаралық әуе хабын құру жұмыстарын батыл атқаруға шақырды.

Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті, - деген Мемлекет басшысы авиакеросиннің бағасына жеке тоқталды.
Президент Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат екенін атап өтті.
- Біздің әуежайлардағы, атап айтқанда, Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек. Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Іс-шараны ашқан Президент Үкімет пен әкімдер жұмысының тиімділігі азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағаланатын айтты.