Нью-Йорк полициясы Трамп кортежі өтуіне байланысты Макронның көлігін өткізбей тастады

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — Нью-Йорк полициясы президент Дональд Трамптың кортежіне байланысты көшелерді жауып, Франция президенті Эмманюэль Макронның көлігін тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Макрон
Фото: Видеодан алынған скрин

Economic Times газетінің хабарлауынша, оқиға Франция көшбасшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйлегеннен кейін болды. Онда Макрон Палестинаны ресми түрде мойындағанын жариялады.

Макрон БҰҰ штаб-пәтерінен шығып, Франция елшілігіне бармақшы болған кезде оның көлігін Трамптың кортежінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Нью-Йорк полициясының қызметкерлері тоқтатты. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеолардан офицердің Макроннан кешірім сұрап: «Кешіріңіз, президент мырза, қазір барлық жер жабық» деп жатқанын көруге болады.

Француз көшбасшысы көлігінен түсіп, Трампқа телефон соқты.

— Сенесің бе, барлық жер жабық, сол себепті мен көшеде тұрмын, — деп әзілдеді Макрон телефон арқылы.

Трамп кортежінің өтуі аяқталғанымен, жол тек жаяу жүргіншілерге ғана ашылды, бұл Макронды келесі межелі жерге жаяу баруға мәжбүр етті.

Естеріңізге сала кетейік, Эмманюэль Макрон дүйсенбі күні БҰҰ Бас ассамблеясында Палестинаны ресми түрде мойындады.

Соңғы жаңалықтар