Президенттің Мәскеу сапарында жаңа декларацияға қол қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Российская газета» басылымына шыққан «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» атты авторлық мақаласында Мәскеудегі сапарының басты мақсатына тоқталды.
— Қазақстан мен Ресей шынымен үлгілі мемлекетаралық қатынастар орнатты. Біз отыз жылдан астам уақыт бойы екі халықтың игілігі үшін көп қырлы ынтымақтастығымызды тұрақты түрде дамытып келеміз. Президент Владимир Путинмен алдағы келіссөздер оларды жаңа мазмұнмен толықтыру тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Менің Мәскеуге сапарымның күн тәртібі кең. Соның ішінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшуі туралы декларацияға қол қою басты мәселе болмақ. Әрине, бұл құжат екіжақты байланыстың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімділіктің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс істеуге бірлескен дайындықты бастайды, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақалада Ресей Федерациясы Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіретінін айтылған.
— Өз кезегінде Қазақстан Ресейдің негізгі сауда серіктестерінің бестігіне кіріп отыр. Біздің тауар айналымымыз сенімді түрде өсіп жатыр және көлемі 30 млрд долларға жақындап келеді.
Инвестициялық ынтымақтастық белсенді дамып жатыр. Ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына салған инвестиция көлемі бойынша көшбасшылардың қатарынан табылып отыр. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін, екі мемлекет арасындағы берік іскерлік байланыстар мен сенім орнағанын аңғартады, — дейді Президент.
Айта кетелік Президент 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады.