Президенттің Ресейге мемлекеттік сапары: екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қараша күндері Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады. Сапар аясында екіжақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықты дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады деген болжам бар. Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге ықтимал нәтижелерді талдады.

Президенттің Ресейге мемлекеттік сапары: екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңі
Коллаж: Kazinform / Freepik

Мемлекеттік сапар - сенім мен серіктестіктің биік белесі

Мемлекеттік сапар – жай ғана ресми кездесулер жиыны емес, екі ел арасындағы сенім мен стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісі. Мұндай сапарлар халықаралық аренада ең жоғары мәртебеге ие болып, мемлекет басшыларының жеке шақыруымен жүзеге асады. Олар екіжақты диалогті жаңа деңгейге көтеріп, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары – дәл осындай маңызды оқиғалардың бірі. Оның күн тәртібінде екі ел экономикасын әртараптандыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, шекара маңы ынтымақтастығын күшейту және жаңа бірлескен жобаларды іске қосу мәселелері бар.

Сапардың ерекшелігі салтанатты рәсімдер мен мазмұндық кездесулердің үйлесімінде. Жоғары деңгейдегі кездесулермен қатар, экономикалық келісімдерге қол қойылып, бизнес-форумдар мен өңіраралық келіссөздер өтеді. Мемлекеттік сапарлар сирек өтетіні белгілі – мемлекет басшысы әр елге мұндай мәртебелі сапармен бір-ақ рет барады. Сондықтан бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін белгілеуші тарихи маңызды белес болып саналады.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапары – екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісі.

Эдуард Полетаев
Фото: Эдуарда Полетаевтың жеке архивінен

– Бұл сапардың мәртебесі ерекше. Өйткені мемлекеттік сапар – президенттік каденция кезінде бір-ақ рет өтетін маңызды іс-шара. Сондықтан оның символдық мәні де, саяси салмағы да зор, – дейді саясаттанушы.

Сапарда қандай мәселелер қаралады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Российская газета» басылымына шыққан «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» атты авторлық мақаласында Мәскеудегі сапарының басты мақсатына тоқталды.

- Менің Мәскеуге сапарымның күн тәртібі кең. Соның ішінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшуі туралы декларацияға қол қою басты мәселе болмақ. Әрине, бұл құжат екіжақты байланыстың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімділіктің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс істеуге бірлескен дайындықты бастайды, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сапар аясында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, өнеркәсіп кооперациясын дамыту, энергетика мен көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды талқылау жоспарланып отыр. Саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ медиа жобалар бөлімінің жетекшісі Жанар Төлендинованың пікірінше, мұндай сапар екі ел арасындағы өзара сенімнің және саяси байланыстардың берік екенін көрсетеді.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Екі ел экономикалық, мәдени және қауіпсіздік салаларында тығыз байланыс орнатқан. Бұл сапар сол серіктестікті жаңа деңгейге шығарады, – деді Жанар Төлендинова.

Жанар Төлендинова
Фото: Жанар Төлендинованың жеке мұрағатынан

Ол соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы қатынастар жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

– Тек биылдың өзінде мемлекет басшылары бірнеше рет кездесіп, оннан астам рет телефон арқылы сөйлесті. Бұл – елдер арасындағы сенім мен тұрақты диалогтің дәлелі, – деді сарапшы.

Жанар Төлендинованың пікірінше, бұл сапар Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатын тағы бір мәрте көрсетеді.

– Қазақстан ешбір елге біржақты бағыт ұстанбайды. Ресеймен де, Қытаймен де, Батыс елдерімен де, Орталық Азиядағы көршілерімен де тең дәрежеде ынтымақтастық орнатуға тырысады. Бұл – еліміздің көпвекторлы саясатының негізгі қағидасы, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан өз ұстанымында тұрақтылық пен жауапкершілікке ден қояды.

– Президент Тоқаев халықаралық ұйымдарда диалог пен бейбіт шешімге үндейтін бастамалар көтеріп келеді. Бұл Қазақстанның әлем алдындағы сенімді серіктес ретіндегі рөлін күшейтеді, – деді ЖТөлендинова.

Тоқаев ва Путин
Фото: Ақорда

Ол сондай-ақ сапардың экономикалық мазмұнына тоқталды.

– Қазір Қазақстан мен Ресей арасында жалпы құны 48 млрд доллардан асатын 170-тен астам жоба іске асып жатыр. Оның ішінде машина жасау, энергетика, химия және цифрландыру салалары бар. Бұл - нақты әріптестіктің нәтижесі, – деді сарапшы.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығында да ынтымақтастық артып келеді.

– 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша тауар айналымы 3,8 млрд доллар көлемінде болды. Алдағы уақытта дәнді дақылдарды өңдеу және агрологиялық жүйелерді цифрландыру бағытында бірлескен жобалар іске қосылады, – деп атап өтті ЖанарТөлендинова.

Ал саясаттанушы Эдуард Полетаевтың сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстан басшысымен кездесуі кезінде бұл сапарды «шекаралық мәні бар тарихи кезең» деп атауы бекер емес. Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл оқиғаны «халықаралық деңгейдегі маңызды шара» деп бағалаған.

– Бұл сапарда аса өткір геосаяси тақырыптар қозғала қоймайды. Алайда энергетика, көлік-логистика және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы нақты келісімдерге жол ашылады. Қазір антиресейлік санкциялар жағдайында да екі ел ынтымақтастығын жалғастырып, жаңа жобаларды іске асырып жатыр. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі және Орталық Азиядағы Ресейдің маңызды одақтасы болып қала береді, – дейді сарапшы.

л
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Энергетика саласы екіжақты қатынастың негізгі өзегі болып отыр. Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасына Ресейдің «Росатом» компаниясының қатысуы – стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін білдіреді.

– Энергетика – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізі. Мұнда өзара келісімдер экономикалық қана емес, геосаяси тұрғыдан да маңызды, – деді саясаттанушы.

2024 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 28 млрд АҚШ долларына жеткен. Ендігі мақсат – оны 30 млрд долларға жеткізу.

– Мұндай сапарлар екі ел арасындағы достық пен сенімді нығайтып, стратегиялық бағыттардың үйлесімді дамуына ықпал етеді, – деп қорытындылады саясаттанушы.

Көпвекторлық саясат пен стратегиялық одақтастық

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас ерекше маңызға ие. Бұл – Қазақстанның көпвекторлық саясаты мен Президенттің халықаралық аренадағы белсенділігінің нақты көрінісі. Биыл күзден бастап Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің маңызды қалаларында бірқатар халықаралық кездесулерге қатысты. Бұл сапарлар елдің көпвекторлы сыртқы саясат жүргізетінін айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына, Қытайдағы ШЫҰ саммитіне, Әзербайжандағы Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитіне, ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына және Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – Ресей» екінші саммитіне қатысты. Сонымен қатар, Астанада Италия, Венгрия, Әзербайжан, Финляндия Президенттерімен келіссөздер өткізді.

Тоқаев ва Трамп
Фото: Ақорда

Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарлап, Дональд Трамп, Джей Ди Вэнс және Марк Рубиомен кездесті. Ал алдағы уақытта Мәскеуге мемлекеттік сапар жоспарланған. Бұл кездесулер Қазақстанның сыртқы саясатын теңгерімді және салмақты жүргізетінін көрсетеді.

Жаһандық тұрақсыздық кезеңінде Астана әлемдік күш орталықтарымен сенімді диалог жүргізіп отыр. Сонымен бірге, Мәскеумен стратегиялық серіктестікке басымдық берілетіні әрдайым айқын.

Ресейлік журналист Максим Шевченко атап өткендей, Вашингтондағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп арасындағы қырық минутқа созылған таза ағылшын тіліндегі әңгіме – сенімділік пен дипломатиялық даналықтың нақты көрінісі болды. Бұл Қазақстанның ұстанымын АҚШ басшылығына тікелей жеткізуге мүмкіндік берді.

Журналист жазғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Украинадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі әрекеттері үшін алғыс білдіріп, Владимир Путиннің бейбіт шешімге қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты ұстанымын ерекше атап өтті.

Қазақстан мен Ресей Президенттері жақында ғана Душанбеде кездесу өткізгенін және онда Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеуге мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын ескеретін болсақ, бұл тек пікір алмасу емес, екі лидер арасындағы стратегиялық позицияларды нақтылау болды.

Вашингтондағы кездесу – Қазақстанның кең дипломатиялық миссиясының бір бөлігі. Мұндай миссияны тек сенімді дос пен серіктеске сеніп тапсыруға болады деп есептейді журналист. Ресей үшін АҚШ және Украинамен келіссөздер жүргізетін орын ретінде Қазақстан ең ыңғайлы алаң болар еді.

Максим Шевченконың пікірінше, Ресей Президенті де посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестерге бастамашы болған елдер ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы ерекше қатынасты жоғары бағалайтынын көрсетті.

Геосаяси шиеленіс күшейген кезеңде сенімге, жеке дипломатияға және интеграциялық күн тәртібіне негізделген дәл осындай байланыстар Еуразиядағы тұрақтылықтың басты тірегі саналады. Қазақстан тек келіссөздерге қатысушы ғана емес, елдерге нақты шешім табуға мүмкіндік беретін сенімге толы диалог алаңын құрады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы

Сауда демекші, 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 17 млрд доллар болды, бұл - өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға төмен. Қазақстанның экспорты 5,3 млрд долларға азайып, негізінен уран, мыс және хром рудалары көлемінің қысқаруынан әсер көрді.

сауда
Инфографика: Kazinform

Дегенмен, өңделмеген алтын, парфюмерия және болат прокаты сияқты өнімдердің экспорты өсім көрсетті. Импорт шамамен 11,8 млрд доллар деңгейінде қалып, мұнай өнімдері, тұрмыстық тоқыма және болат өнімдерінің көлемі артты. Нәтижесінде сауда теңгерімі теріс болып, – 6,5 млрд доллар сальдо тіркелді, бұл екі ел арасындағы сауда құрылымындағы теңгерімсіздікті көрсетеді.

сауда
Инфографика: Kazinform

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынастары тұрақты дамып келе жатса да, теріс сальдо мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Сарапшының пікірінше, бұл негізінен сауда құрылымындағы теңсіздіктен туындайды: Қазақстан Ресейге көбінесе шикізат өнімдерін (уран, металл, жартылай фабрикаттар) экспорттайды, ал дайын тауарларды (жанармай, автокөлік бөлшектері, азық-түлік, тоқыма бұйымдары) керісінше, Ресейден импорттайды.

– Бұл жағдайды өзгерту үшін, ең алдымен импортты алмастыру мен бірлескен өндірістерді дамыту қажет. Мысалы, фармацевтика, пластмасса және автокомпоненттер салаларында ресейлік серіктестермен бірге зауыттар ашу тиімді болмақ. Өндіріс Қазақстанда жүргізілсе, қосылған құн ел ішінде қалады, ал импорт көлемі азаяды. Қазір ресейлік капиталдың қатысуымен 23 мыңнан астам компания жұмыс істейді, бірақ олардың аз бөлігі ғана өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Сондықтан осы бағытта нақты ынталандыру шаралары қажет, – дейді Әсел Әбен.

Әсел Әбен
Фото: Әсел Әбеннің жеке мұрағатынан

Сарапшы екінші маңызды бағыт ретінде қазақстандық экспортты қолдау жүйесін күшейтуді атап өтті. Бұл тұрғыда Экспорттық-кредиттік агенттік (ЭКА) тиімді құралға айналып отыр. Агенттік кәсіпкерлерге сақтандыру, кепілдік және қаржылай қолдау көрсету арқылы жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. ЭКА аясындағы қаржыландыру мен кепілдіктер экспорттық келісімшарттарды аз тәуекелмен жүзеге асыруға жол ашады.

– Сонымен қатар, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) алаңын тиімді пайдалана отырып, өзара өндірістік тізбектер мен индустриялық аймақтарды дамытуға басымдық беруі керек. Мұндай кооперациялық жобалар екі ел арасындағы сауда құрылымын теңгеруге көмектеседі, – дейді сарапшы.

Әсел Әбеннің пікірінше, жалпы мақсат – сауданың көлемін емес, сапасын арттыру. Шикізат экспортының орнына дайын өнім шығару мен өңделген тауарларды экспорттау бағыты елдің экономикалық тұрақтылығын күшейтіп, Ресеймен өзара тиімді әріптестікті сақтауға мүмкіндік береді.

Оралдағы Өңіраралық форум

Сонымен қатар, шекаралас өңірлер арасындағы ынтымақтастық мәселелері биыл Орал қаласында өтетін дәстүрлі Қазақстан–Ресей өңіраралық форумында жалғасын табады.

Орал
Фото: Сенат

Эдуард Полетаев Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумын маңызды іс-шара ретінде атады. Бұл форумда цифрлық экономика, жасанды интеллект, кадр даярлау, агроөнеркәсіп және көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралады.

– Екі ел арасындағы жалпы тауар айналымының 70 пайызы шекаралас өңірлердің үлесіне тиесілі. Бұл ынтымақтастықтың нақты экономикалық негізі бар екенін көрсетеді, – деп атап өтті саясаттанушы.

Ал Жанар Төлендинова өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің экономикалық байланысын нығайта түсетінін айтты.

– Бұл форум өңірлер арасындағы өндірістік және білім саласындағы серіктестікті арттырады. Форумда нақты келісімдер мен жаңа жобалар талқыланбақ, – деді сарапшы.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болғалы отыр. Сапар барысында талқыланатын экономикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері екіжақты қатынастарды нығайтып, сауда құрылымындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді. Импортты алмастыру, бірлескен өндірістерді дамыту және экспортты қолдау сияқты шаралар Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын арттыра отырып, Ресеймен өзара тиімді әріптестікті сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, шекаралас өңірлердегі ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы индустриялық жобалар сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетіп, өңірлік дамуға қосымша серпін береді. Осылайша, сапар тек ресми кездесулер мен келісімдерге қол қоюдан ғана тұрмай, екі ел арасындағы сенім мен стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған кешенді шара ретінде құнды болмақ. 

Соңғы жаңалықтар