Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап Ресеймен достық қатынасты дамытуға мән берді — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Российская газета басылымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» деген тақырыппен авторлық мақаласы жарық көрді. 

Президенттің Российская газета басылымындағы мақаласы: Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық
Фото: Ақорда

— Қазақстан мен Ресей — бұл одақтас мемлекеттер әрі стратегиялық серіктестіктер. Тарихтың өзі біздің мәңгілік достығымызды, барлық саладағы ауқымды ынтымақтастығымызды, гуманитарлық саладағы тығыз өзара іс-қимылымызды айқындап берді. Халықтарымыз ғасырлар бойы иық тіресе өмір сүріп, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісті. Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін бірлесе қалыптастырды. Бізді дәстүрлі құндылықтарды ортақ қабылдау, қазіргі заманның өзекті мәселелеріне ұқсас көзқарастар, бауырлас халықтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмыс біріктіреді, — деп атап өтеді Президент.

Мемлекет басшысы осынау мызғымас негіздің арқасында Қазақстан мен Ресей халықтарымыздың тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне өзара құрмет таныта отырып, көпқырлы ынтымақтастық жолымен нық ілгерілеп келе жатқанына назар аудартады.

— Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап Ресеймен достық қатынастарды дамытуға айрықша мән берді. Елдің алғашқы сыртқы саясат тұжырымдамасында, ал содан кейінгі осыған ұқсас құжаттарда ресейлік бағыт өзгермейтін басымдық ретінде бекітілген. 1992 жылы Мәңгі достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы алғашқы шартқа қол қойылып, ол мемлекетаралық қатынастардың берік іргетасын қалады және халықтарымыздың саналы таңдауының символына айналды. Содан бері әлемде де, посткеңестік кеңістікте де көп нәрсе өзгерді. Бірақ Шарт мәтінінде тұжырымдалған негізгі тезис өзектілігін жоғалтқан жоқ: мәңгі достық — бұл жай ғана сөз тіркесі емес, ол біздің халықтардың қазіргі және болашақ заманның күрделі, сан қырлы шындығын философиялық әрі саяси тұрғыдан қабылдауының дәл көрінісі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетелік Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады

Соңғы жаңалықтар