Продюсерден зорлық көргені туралы мәлімдеген жігіттің оқиғасы тергеледі
АСТАНА. KAZINFORM – Продюсерден бала кезінде зорлық көргені туралы мәлімдеме жасаған жігіттің оқиғасы бойынша тергеу амалдары басталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
Еске салсақ, әлеуметтік желілерде зорлық туралы мәлімдеме жасалған бейнежазба тарады. Бейнежазба авторы Нұрғали Нұғманның айтуынша, ол бала кезінде продюсерден зорлық көрген.
- Кеше ғана бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламадан кейін жедел шараларды қабылдадық. Алматыдағы Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы іс-шараларға қатысты түсініктеме беріп үлгерді, - деді Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол бұл оқиға бойынша құқықтық баға тергеу амалдары кезінде берілетінін айтты.
- Қазіргі кезде тиісті тергеу жұмыстары басталып кетті. Барлық дерек тексеріледі. Мәлімдеме жасаған жігіт қазір Қазақстаннан тыс жерде, яғни Қытайда жүргені белгілі. Ол Қытайдан оралған соң, тиісті тергеу шаралары жүргізіледі, - деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, продюсерден бала кезінде зорлық көргені туралы мәлімде жасаған адамның деректерін полиция тексеріп жатқанын жазған едік.