Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Прокуратура 5,8 млрд теңгелік инвестжобаны заңсыз тексеруден арашалап қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Зеренді ауданының прокуратурасы Алексеев каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатын салу жобасын жүзеге асырып жатқан Qazaq Kaolin ЖШС инвесторының құқығын қорғады. 

Прокуратура 5,8 млрд теңгелік инвестжобаны заңсыз тексеруден арашалап қалды
Фото: pixabay

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, инвестициялық жобаның жалпы құны — 5,8 млрд теңге. Жоба жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Ведомствоның хабарлауынша, жүргізілген талдау кезінде уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуы мәселесі бойынша прокуратураның міндетті келісімін алмай және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркемей тексеру жүргізгені анықталды.

— «Прокурорлық сүзгі» тетігіне сәйкес, инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау, әкімшілік іс жүргізуді қозғау, рұқсат беру-шектеу шараларын қолдану және сотқа талап қою туралы мемлекеттік органдардың барлық шешімі прокуратура органдарымен міндетті түрде келісілуге тиіс, — деп хабарлады ведомство.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған тексеру заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды.

Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр.

— Әкімшілік кедергілерге тап болған немесе құқығы бұзылған инвесторлар 8 (705) 129-11-40 нөміріне және 115 Call-орталығы арқылы прокуратура органдарына хабарласа алады, — деп ескертті ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген 18 шенеунік жазаланғанын хабарлағанбыз.