Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

PSG Academy Қазақстанда алғаш рет ресми футбол академиясын ашады

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек айында Астанада Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» клубының ресми академиясы – PSG Academy Kazakhstan ашылады. Осылайша Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел болады.

а
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сай жабық футбол алаңы жас спортшыларға жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік береді.

Алғашқы маусымда академия 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдайды. Оқушылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлініп, «Пари Сен-Жермен» академиясының ресми оқу-жаттығу әдістемесі бойынша дайындықтан өтеді.

«Академияның басты мақсаты – балаларға әлемдік деңгейдегі футбол даярлау жүйесін қолжетімді етіп, олардың спорттық және тұлғалық дамуына жағдай жасау», – деді PSG Academy Kazakhstan жобасының негізін қалаушы Алмас Әлсенов.

Жоба балалар футболын дамытуға және қазақстандық жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға да бағытталған. Академияның барлық бапкері PSG Academy бағдарламасы бойынша арнайы даярлықтан өтіп, «Пари Сен-Жермен» клубының техникалық мамандарынан тұрақты әдістемелік қолдау алады.

Соңғы жылдары Қазақстанда балалар футболына қызығушылық артып, спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Академияның алғашқы орталығы Астанада жұмысын бастайды. Алдағы уақытта жобаны еліміздің өзге өңірлерінде де іске асыру жоспарланып отыр.

«Қазақстанның PSG Academy халықаралық желісіне қосылуы балалар футболын дамытуға, жас спортшылардың әлеуетін ашуға және отандық жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыруға жаңа мүмкіндік береді», – деп атап өтті жоба ұйымдастырушылары.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасында «Левскиге» есе жіберді.