Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Психология неге сұранысқа ие мамандыққа айналды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде психолог мамандығына сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ал алдағы уақытта Бірыңғай мемлекеттік тізілім азаматтарға білікті маманды таңдауға көмектеспек. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастының кезекті шығарылымында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мәмбеталина айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

психолог
Фото: pexels

Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын психологқа жүгіну көпшілік үшін тосын жағдай саналатын. Бүгінде көзқарас өзгерді. Қазақстандықтар психологиялық көмекке жиі жүгіне бастады. Соның нәтижесінде мамандыққа қызығушылық артып келеді. Бұл жоғары оқу орындарындағы көрсеткіштерден байқалады. Қазір Қазақстанда «Психология» мамандығы бойынша шамамен 17 мың студент білім алады. Ал жоғары оқу орындары жыл сайын 4 мыңға жуық жаңа маман даярлайды.

Әлия Мәмбеталина
Фото: видеодан алынған скрин

Психология мамандығына қызығушылық артып келеді

Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, бұл үрдіс талапкерлер арасында анық байқалады.

— Өңірлерде психология мамандығына түсетіндер өте көп. Биыл ірі өңірлік жоғары оқу орындарының бірінде бұл мамандыққа өту балы 70-ке дейін көтерілді. Ал ең төменгі шек — 50 балл. Себебі бір орынға 200–300 үміткер болды, — дейді спикер.

Сарапшының пікірінше, мұның басты себебі — қоғамның психологиялық көмекке деген көзқарасының өзгеруі. Адамдар мазасыздық, эмоциялық күйзеліс, депрессия, отбасылық дағдарыс пен басқа да психологиялық мәселелер туралы ашық айта бастады. Соның нәтижесінде психолог мамандығына деген сенім артып, маман көмегіне жүгіну қалыпты құбылысқа айналып келеді.

Психологтар тек кеңес берумен шектелмейді

Психологияға қызығушылықтың артуы еңбек нарығына да әсер етті. Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, бүгінгі күні психология факультетінің түлектері психолог кабинеттерінде ғана жұмыс істемейді.

Олар білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде, құқық қорғау органдарында, Қарулы күштерде, персоналды басқару қызметтерінде, ірі компаниялардың кадр бөлімдерінде, бизнесте және мемлекеттік секторда еңбек етеді.

— Көптеген ұйымда бұл лауазымдар басқаша аталуы мүмкін. Мысалы, персоналды бағалау жөніндегі маман, адами ресурстарды дамыту менеджері немесе корпоративтік коммуникациялар жөніндегі сарапшы. Бірақ мұндай қызметтердің тиімді орындалуына дәл психологиялық білім негіз болады. Ол адамдармен жұмыс істеуге, қызметкерлерді бағалауға, жанжалдың алдын алуға және ішкі коммуникацияны жолға қоюға мүмкіндік береді, — дейді ол.

Сарапшының пікірінше, қазіргі еңбек нарығында адамдармен тиімді қарым-қатынас орната білу сұранысқа ие құзыреттердің біріне айналып отыр.

Диплом, біліктілік және мемлекеттік тізілім

Мамандыққа сұраныстың артуы саланы жүйелі реттеуді де талап етеді. Осы мақсатта «Психологиялық қызмет туралы» жаңа заң әзірленді. Оның негізгі міндеттерінің бірі — мамандарға қойылатын талаптарды нақтылап, азаматтардың психологиялық көмекке деген сенімін арттыру.

Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, заң күшіне енгеннен кейін психологтардың Бірыңғай мемлекеттік тізілімі жасақталады. Оған тиісті жоғары білімі мен кәсіби біліктілігін растаған мамандар ғана енгізіледі.

Тізілімде психологтың білімі, біліктілігін арттыру курстары, кәсіби мамандануы және қолданатын жұмыс әдістері туралы мәлімет болады. Соның арқасында азаматтар кеңес алмас бұрын маманның кәсіби деңгейімен алдын ала таныса алады.

Сондай-ақ психологтар өздерінің жеке сайтына немесе әлеуметтік желідегі парақшасына тізілімдегі жеке жазбасының сілтемесін орналастыра алады.

Сарапшылардың айтуынша, психология — диплом алғаннан кейін аяқталатын мамандық емес. Психолог кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Өйткені ғылым да, қоғамның сұранысы да үздіксіз өзгеріп отырады.

Сонымен бірге Бірыңғай мемлекеттік тізілім психологиялық қызмет көрсету нарығын жүйелеп, дипломы бар мамандар мен арнайы білімі жоқ кеңес берушілердің ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде жаңа заң мамандықты реттеу құралы ғана емес, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың кәсіби әрі қауіпсіз психологиялық көмек алуына кепіл болатын маңызды тетікке айналмақ.

Практикаға басымдық беріліп жатыр

Саладағы тағы бір маңызды үрдіс — жоғары оқу орындарының тәжірибелі мамандармен тығыз жұмыс істеуі.

Әлия Мәмбеталинаның сөзінше, бүгінде оқу процесіне клиенттермен жұмыс істейтін тәжірибелі психологтар белсенді тартылып жатыр.

Оның пікірінше, бұл студенттердің теориялық біліммен қатар қоғамдағы нақты сұранысты да оқу барысында түсінуіне мүмкіндік береді.

Болашақта бұл жұмысқа Бірыңғай мемлекеттік тізілім серпін береді. Сарапшылардың пікірінше, жоғары оқу орындары тәжірибелі мамандарды оқыту процесіне көбірек тарта алады. Ал жұмыс берушілер үшін білікті психологтарды табу жеңілдейді.

Ғылыми кадрлар жетіспейді

Сонымен қатар саланың алдында шешімін күтетін мәселелер де бар. Әлия Мәмбеталина өңірлерде ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың тапшылығын негізгі проблемалардың бірі деп санайды.

Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы докторантураға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны жеткіліксіз болды. Соның салдарынан университеттерге ғылыми кадр даярлау қиынға соқты.

Сарапшы докторантура гранттарының санын көбейту туралы шешімді қолдайды. Оның пікірінше, бұл жоғары оқу орындарының кадрлық әлеуетін нығайтып, болашақ психологтарды даярлау сапасын арттырады.

Сұранысы арта беретін мамандық

Соған қарамастан сарапшылар психолог мамандығының болашағына оң баға береді. Подкастта айтылған мәліметке сәйкес, бүгінде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 73–76 пайыз.

Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, ЕҰУ түлектерінің басым бөлігі мамандығы бойынша жұмысқа орналасады немесе магистратура мен докторантурада, оның ішінде шетелде білімін жалғастырады.

Сарапшы психолог мамандығына деген қызығушылық алдағы уақытта да арта түсетініне сенімді. Психикалық денсаулыққа көңіл бөлудің күшеюі, корпоративтік мәдениеттің дамуы, әлеуметтік бағдарламалардың көбеюі және «Психологиялық қызмет туралы» заңның қабылдануы Қазақстанда кәсіби психологтар қауымдастығын қалыптастыруға ықпал етеді.

Егер бірнеше жыл бұрын психолог тар бағыттағы маман ретінде қабылданса, бүгінде ол білім беру, медицина, бизнес, мемлекеттік басқару және адами ресурстарды басқару салаларында сұранысқа ие сарапшыға айналды. Сондықтан психология қазіргі еңбек нарығындағы ең перспективалы мамандықтардың бірі саналады.

Еске салайық, елімізде психологтардың Бірыңғай мемлекеттік тізілімі 2028 жылдан бастап жұмыс істейді. Тізілімге енбеген мамандар психологиялық көмек көрсете алмайды және өздерін психолог деп атауға құқылы емес.