Психотерапевт ойынға тәуелді адамның миында қандай өзгерістер болатынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM - Асфендияров атындағы қазақ мемлекеттік медицина университетінің профессоры, психотерапевт Фатима Багиярова виртуалдық ойынға тәуелді баланың миында, физиологиясында қандай өзгерістер болатынын айтып берді.

– Дәрігер ретінде мен ойынға тәуелділік туралы айтқанда сөзді патофизиологиядан бастауды жөн көремін. Яғни виртуалды ойынға тәуелді адамның миында қандай құбылыстар болып жататыны жайлы айтамыз. Бірінші кезекте, мидағы «сұр зат» көлемі азаяды. Содан мидың қызметі бұзылып, шешім қабылдау, өз іс-әрекетін басқару қиынға соға түседі. Ойын өмірді сезінудің негізгі көзіне айналады. Басқаның бәрі айнаның арғы жағындағы көрініске ұқсап кетеді, - деді ол «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы ойынға тәуелділік» тақырыбындағы конференция барысында.
Маманның айтуынша, виртуалды ойындарды ойнау кезінде нейромедиаторлар, яғни нақты бір іс-әрекеттер кезінде бөлінетін гормондар қызметі де үлкен өзгеріске ұшырайды.
– Біріншісі – дофамин. Ол бір істі істеуге ынталандыратын, істі аяқтағандағы жетістіктен ләззат алу кезінде бөлінетін гормон. Компьютерлік ойын ойнағанда ол көп бөліне бастайды. Осыдан соң адамға «дофаминді алу» үшін ештеме істеудің қажеті болмай қалады, ойын ойнау арқылы ғана ол бөліне береді. Яғни бұл әрекетсіздікке бастайды. Екіншісі – серотонин. Ол көңіл күйдің гормоны. Оның бөлінуі азайып, адам ашуланшақ, ызақор бола бастайды. Үшіншісі – адреналин. Ол — өмірден ләззат алу гормоны, шынайы өмірде жүргенімізде бөлінеді. Оның да мөлшері азая бастайды, - дейді маман.
Айта кетейік, ата-анасы аз көңіл бөлетін бала виртуалды ойынға оңай тәуелді болады.
Сондай-ақ адамдардың ойынға тәуелді болып қалуының басты себептері айтылды.