Адамдардың ойынға тәуелді болып қалуының басты себептері қандай
АСТАНА. Kazinform – Қазақстандағы ойынға тәуелділікпен күрес бағдарламасының жетекшісі Александр Рущук адамдардың ойынға тәуелді болып қалуының басты себептерін айтты.

— Мен 10 жылдан бері осы салада Украинада, Еуропада және Қазақстанда жұмыс істеп келемін. Соған сай адамдардың ойынға тәуелді болып қалуының сан түрлі себептеріне кез болдым. Бұрын құмар ойыны деп спортқа бәс тігулерді айтушы едік, компютерлік ойын оның қатарына тіптен жатпайтын. Ал қазір ол екеуі бірігіп кетті. Себебі қазіргі компьютерлік ойындардың бәрінде дерлік ақша салу тетігі бар. Яғни ол да құмар ойынына айналып кетті, - деді ол «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы ойынға тәуелділік» тақырыбындағы конференференция барысында.
Маманның айтуынша, ойынға тәуелділік – адамның өз өміріне көңілі толмауының көрінісі.
— Біз әуелі адамның неге өз өміріне көңілі толмайды дегенді анықтап алуымыз керек. Оған бірінші себеп бала мен ата-ананың арасында жылы қарым-қатынастың болмауы. Ата-ана баласының оқуын, үлгерімін сұрайды, бірақ оның ішкі жан-дүниесіне үңілмейді. Оған не ұнайды? Не ой мазалап жүр? Қандай арманы бар? Қандай іс қолынан келмей жатыр? Осы секілді сұрақтар қойылмайды. Жан дүниенің ішкі байланысына мән берілмейді. Бұл — басты себеп! – дейді сарапшы.
Одан бөлек өз қажеттілігіне қол жеткізу дағдыларының, адамдармен байланыс орнату қабілетінің жетіспеушілігі де негізгі себептер қатарына жатады.
— Ұялу, қысылу, қорқыныш және өзін кем сезінуден көптеген адам өз қажеттілігін қанағаттандыра, керегіне қол жеткізе алмайды. Содан барып көптеген адамда эмоцияның тұншығуы пайда болады. Олар оны шығару үшін девиантты қылық шығарады. Яғни, тәуелділіктің кез келген түріне ұрынады. Мен танитын осындай адамдардың ішінде бірнеше дипломы бар, сыртынан қараған кісі оның өміріне қызығатындай жандар болды. Бірақ олар іштей бақытсыз еді. Бұндай күйін олар ең жақын адамдарына да көрсетпейді, - дейді Александр Рущук.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшы ата-анасы аз көңіл бөлетін бала виртуалды ойынға оңай тәуелді болатынын айтқан еді.
Сондай-ақ ата-ана баласының психологиялық дертке шалдыққанын мойындай алмауы лудомандарды дер кезінде сауықтыруға үлкен кедергі келтіретінін жазған болатынбыз.