Ата-ана лудоман баласын «қарызын жабу» арқылы құтқарамыз деп ойлайды — аддиктолог
АСТАНА. KAZINFORM — Ата-ана баласының үлкен психологиялық дертке шалдыққанын мойындай алмауы лудомандарды дер кезінде сауықтыруға үлкен кедергі келтіреді. Осындай ойды Kazinform-ның YouTube арнасындағы Bızdıñ orta подкастында Стационарлық емдеу клиникасының аддиктолог маманы Азамат Советбеков айтты.

— Ойынқұмарлық бірнеше кезеңнен тұрады: танысу, ұтыста жүру, ұтылыс, өмірден түңілу және өзіне қол жұмсау туралы ойлардың пайда болуы. Кейде бұл ойлары іс-әрекетке ұласып, қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Адам бастапқы танысу және ұту кезеңінде жүрсе, біз оны сыртынан танып-біле алмаймыз. Ал ұтылыс және түңілу кезеңінде жүрсе, ол сырт көзге бірден білінеді. Ондай жағдайдағы адам өз-өзіне қарамайды, күтінбейді, агрессияға бейім, тұйық болады. Адамдармен тіл табыса алмай қалады, — дейді ол.
Маманның айтуынша, ойынқұмарлардың негізгі ресурсы — ақша. Ақша бар кезде оны қоғам адамы деп есептеуге болады. Ақшасы бітіп, қарызға батқан соң, ол қоғамнан алшақтап кетеді.
— Әдетте лудоманның ой-өрісі қалай жұмыс істейді? Сау адам қарызға кірсе, қосымша жұмыс табам, қосымша табыстың арқасында қарыздарымды жауып тастаймын деп ойлайды. Ал ойынқұмар жан бір күні көп ақша ұтам да, бүкіл қарызымды жабамын, сөйтіп жақсы өмір сүріп кетемін деп ойлайды. Лудоманды емдеудің жалғыз ғана жолы бар: оны қоғамнан оқшаулап, 4-6 айға клиникаға жатқызу. Осы кезде телефоннан, интернеттен, өзі қарыз адамдардан алшақтап, жан дүниесі шамалы болса да тынышталады. Таза ойлау өрісі қалпына келе бастайды, — дейді аддиктолог.
Азамат Советбеков лудоманды емдеуде оның ата-анасы дер кезінде қабылдаған шешім аса маңызды екенін атап өтті.
— Емделуге алып келу мәселесі бойынша айтсақ, елімізде ойынқұмар адамдардың ата-аналары бұл жағдайды қабылдай да, мойындай да алмай жатыр. Қарызын жауып берсек, ойынын қояды деп ойлайды. Сөйтіп, несие, қарыз алады, көлігін, үйін сатады. Әйтіп-бүйтіп қарызын жауып береді. Жарты жылдың көлемінде баласы тағы да сонша қарызға батып тұрады. Оңалту орталықтары бүгінгі таңда тегін емес. Бір айына 400-650 мың теңге арасында тұрады: тамағы, психологпен жұмыс, тұруы — бәрі осы соманың ішіне кіреді. Ата-аналарға осы бағаны айтсаң, мәселен, 6 ай бұрын баласының 10 млн теңге қарызын жауып бергенін ұмытып кетеді де, бір айлық оңалту бағасын қымбат көреді. «Өмірінде қара жолақ болып жатыр», «өзі қойып кетеді», «баламыз сәл адасып қалды» деп өзін жұбатады. Осы орайда мұндай ата-аналарға бұның психологиялық дерт екенін жеткізу, түсіндіру маңызды. Ал ондай дерт қарызын жауып берумен жойылмайды, — дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін лудомания ер адамдардың потенциясын әлсіретіп жіберетінін жазған болатынбыз.