Путин мен Зеленский Трамптың бейбітшілік жоспарына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей мен Украина басшылары Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарына қатысуы мүмкін екенін айтты, бірақ оның сәтті аяқталуына күмән келтірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап.

Путин, Трамп, Зеленский
Коллаж: dialog.ua

Украина президенті Владимир Зеленский өз елі қиын таңдау алдында қалуы мүмкін екенін ескертті: «қадір-қасиетін» жоғалту немесе ең маңызды одақтасының қолдауынан айырылу — бұл ретте ол елдің атын атамады. Зеленский келесі апта «өте күрделі» болатынын айтты.

Владимир Путин Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен кездесу кезінде Мәскеу «түбегейлі бейбіт реттеу» үшін әзірленген 28 тармақтан тұратын жоспарды негізге алуға дайын екенін, бірақ оны әлі егжей-тегжейлі қарастырмағанын жеткізді.

Путин Ресей бұл жоспардың нұсқасын биыл жазда Аляскадағы саммит кезінде Трамп әкімшілігімен талқылағанын және 28 тармақтан тұратын жобаны «негізінен жаңартылған» нұсқа деп атады.

Ресми түрде 28 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарында «Украина сенімді қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болады» деп көрсетілген, оған НАТО тарапынан берілетін қауіпсіздік кепілдіктері де кіреді.

Бұл жоспар соңғы апталарда Украина ауыр шығындарға ұшырап, Ресей әскері жаңа аумақтарды басып алғаннан кейін әзірленген. Зеленский қазір соғыс басталғалы болған ең үлкен коррупциялық жанжалға байланысты қысымға түсіп отыр. Бұл жанжал оның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды адамдарды қамтыған, сондықтан ол Зеленский билігіне үлкен соққы болды.

Еске салсақ, Трамптың Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған 28 тармақтан тұратын жоспарын Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың қатысуымен АҚШ президентінің арнайы елшісі Стив Уиткофф әзірледі.

Әзірге алдын ала және өзгеруі мүмкін жоспар бейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленскийге таныстырылды.

Бұған дейін Трамп Украина бойынша жоспарға қол қоюдың «ыңғайлы мерзімі» ретінде келесі бейсенбі — 27 қараша, Алғыс айту күнін белгілегені хабарланған болатын.

Осыдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінде Украина айналасындағы дағдарысты шешудің басты қағидатын атады.

Сондай-ақ қазақстандық саясаттанушы Ресей — Украина мәселесінде Қазақстанның ықпалы қандай екенін айтып берді.

Соңғы жаңалықтар