Путин Тоқаевпен кездесуде екі елдің стратегиялық әріптестігін жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанына назар аударды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан — ЕАЭО-ға төрағалық етеді. Сонымен қатар Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің тарихи тамырластығы туралы сөз қозғады.
— Бүгін госпитальге арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз, — деді Ресей Президенті.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Бұдан бөлек, президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Айта кетейік, Президент Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға барды.