Теміртауда ірі алаяқтық әшкереленді: кәсіпорынға 190 млн теңге шығын келген

АСТАНА. KAZINFORM — 27 сәуірде Қарағанды облысында полиция қызметкерлері «Qarmet» АҚ-да әрекет еткен қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Qarmet-тен темір ұрлаған алаяқтар әшкереленді: кәсіпорынға 190 млн теңге шығын келген
Фото: ІІМ

Анықталғандай, күдіктілер жасырын алаяқтық схемаларды қолданып және кәсіпорынның жекелеген қызметкерлерімен сөз байласа отырып, жеткізілетін шикізаттағы темір құрамының көрсеткіштерін қолдан көтеріп отырған. Кәсіпорынға келтірілген залал шамамен 190 млн теңгені құрады.

— Барлығы заңсыз әрекеттерге қатысы бар 13 адам ұсталды — олардың барлығы Теміртау қаласының тұрғындары. Тінту барысында ірі көлемде қаражат және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Қабылданған шаралар қалақұраушы кәсіпорынның тұрақты жұмысы мен тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Бұған дейін Қарағанды облысында интернет-алаяқтықтың 335 фактісі тіркелгенін жаздық.