Qazaq Air-дің Vietjet Qazaqstan ретінде жұмысқа кірісуі неге кешігіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Vietjet Qazaqstan-ның жаңа ұшақтары Қазақстанның әуе нарығына биыл кіріп бастайды. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты.

— Биылға қойылған міндет — алғашқы ұшақты жеткізу. Әзірге кешігу бар. Бірақ біз жыл аяғына дейін жетеді деп күтіп отырмыз. Кешігу Vietjet тарабынан ғана болып отырған жоқ. Бұл — жаһандық проблема. Әуе компаниясының мәліметі бойынша, Boeing пен Airbus-қа ұзын саны 200 ұшақтың тапсырысы берілген. Өкінішке қарай, өндірушілер кешіктіріп жатыр. Бұл өз кезегінде компанияның Қазақстан нарығына шығуын кешеуілдетіп жатыр, — деді министр.
Оның сөзінше, Vietjet Qazaqstan компаниясы алдағы бес жылда Қазақстан әуе нарығына жаңа 5 ұшақ енгізбекші. Вьетнаммен бірлескен кәсіпорын Қазақстанның өз ішінде де, сыртқа да жолаушы тасымалдауға ниеттеніп отыр.
Бұған дейін Вьетнамдық инвестор Qazaq Air әуе компаниясының атауын өзгерткенін жазған едік.