QazaqGaz бен Түрікменгаз арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық Галкыныш кен орнының стратегиялық мәнін айқындайды — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — QazaqGaz бен Түрікменгаз арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық негізінен Галкыныш кен орнының стратегиялық мәнін айқындайды. Осынау өзара іс-қимылда цифрландыру негізгі рөл атқарады. Мұндай пікірді саясаттанушы Фархад Қасенов білдірді. 

Фархад Қасенов
Фото: Фархад Қасенов\ orda.kz

Сарапшының пайымынша, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, жеткізілім тиімділігін, оның ішінде Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі арқылы түрікмен газын сыртқы нарыққа экспортын едәуір арттыра алады,

— Галкыныш кен орны табиғи газ қоры бойынша әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Түрікменстан орасан зор ресурстарға ие, ал оларды тиімді пайдалану ұлттық компаниялардың келісімді әрі үйлесімді жұмысын талап етеді. Екі серіктес те — QazaqGaz бен Түркменгаз да жоғары әлемдік стандарттарды басшылыққа алады. Бұл газ тасымалдау инфрақұрылымын пайдаланудағы жабдықтарды, процестерді және тәсілдерді біріздендіруге мүмкіндік береді, — дейді Фархад Қасенов.

Бұл тек транзитті жеңілдетіп қана қоймайды. Сонымен қатар ортақ өңірлік энергетикалық кеңістікті қалыптастыруға жағдай туғызады. Өйткені, Галкыныш кен орны осы тұрғыда бүкіл өңірдің қажеттіліктерін қамтамасыз етудің тірегіне айналады. Ал Түрікменстан экспорттық мүмкіндігін арттыра отырып, бір мезетте бүкіл Орталық Азияның позициясын күшейтеді.

— Негізінде, «орталықазиялық отбасының» жекелеген мүшелері — мейлі ол Қазақстан болсын, Түрікменстан болсын немесе өңірдің басқа мемлекеттері болсын, қаншалықты мықты болса, оның өзі де соншалықты тұрақты әрі ықпалды бола түседі. Мұндай серіктестік энергетикалық кооперацияны Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлін күшейтіп, стратегиялық шоғырлану факторына айнала алады, — дейді сарапшы.

Қазақстан түрікмен газын өз аумағы арқылы «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық дәлізі арқылы транзитін қамтамасыз ете алады. Бұл бағытта бір мезгілде Иран, Ресей және Қытайдың қатысуымен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

— «Солтүстік — Оңтүстік» дәлізін дамытуға қатысты халықаралық үдерісте өз ұстанымын нығайту үшін Қазақстан мен Түрікменстан ең алдымен іс-қимылдарын біріздендіруі және негізгі инфрақұрылым нысандарының өткізу қабілетін бірлесіп арттыруы қажет. Сөз өңірдің көлік-энергетикалық байланыстылығын қалыптастыратын темір жолдар, газ құбырлары, мұнай құбырлары және автомобиль магистральдары жайында болып отыр. Бүгінде қолданыстағы бағыттарды жаңғырту және теміржол желілері мен автокөлік дәліздерін қоса алғанда жаңа қатынас жолдарын салу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Маңызды бағыттардың бірі — цифрландыру, біріздендіру және рәсімдерді стандарттау арқылы «тар орындарды» жою. Бұл кедендік өңдеулерді жеделдетуге және логистика тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп түсіндіреді саясаттанушы.

Орталық Азияның көлік және логистикалық жүйесіндегі «соңғы миля» мәселесі расында да негізгі сын-тегеуірін болып қалып отыр. Ол көбіне инфрақұрылымның физикалық мүмкіндіктеріне емес, құжаттамалық және ұйымдастырушылық кедергілерге байланысты.

— Бұл тар орындарды жою үшін бірқатар кешенді шара қажет. Біріншіден, терминалдардың өткізу қабілетін арттыру және жүктерді өңдеудің заманауи технологияларын енгізу керек. Екіншіден, ережелерді біріздендіру, бірыңғай тарифтер енгізу және электрондық құжат айналымына көшу арқылы кедендік рәсімдерді жеделдету қажет. Үшіншіден, әрине елдер арасындағы цифрлық жүйелерді синхрондау керек. Осы тұрғыда Түрікменбашы портының дамуы және қайта тиеу хабтарын құру өңірдің көлік ағымдарының теңгерімін өзгерте алады. Порт инфрақұрылымын жаңғырту жүктерді өңдеу жылдамдығын арттырады және өткізу қабілетін кеңейтеді. Бұл Түрікменстан арқылы өтетін бағыттарды анағұрлым бәсекеге қабілетті қылады, — деді Фархад Қасенов.

Бұған дейін Қазақстан мен Түрікменстан арасында қандай келісімдер жасалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар