QR коды бар алмалар: Нью-Йоркте iPhone сатылымының басталуына орай ерекше акция ұйымдастырылды
АСТАНА.KAZINFORM - 19 қыркүйек күні Apple компаниясының жаңа iPhone телефоны шығуына орай Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығы жарнамалық науқан өткізді.

Науқан символикасы алма бейнесімен тікелей байланысты. Apple жаһандық технологиялық корпорациясының атауы да алмамен байланысты. Алма – Қазақстанның мәдени, қаржылық және туристік орталығы Алматының символы, ал Нью-Йорк қаласы бүкіл әлемге өзінің бейресми «Big Apple» атауымен белгілі.
Шара барысында студенттер мен қазақ диаспорасының өкілдерінен тұратын консулдық өкілдері, еріктілер жұртшылыққа QR коды бар алма таратты. Оларды сканерлеу арқылы Нью-Йорк тұрғындары мен қонақтары Қазақстан, Алматы қаласы, алманың тарихи тамыры және Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстар туралы мәлімет алды.
Қазақстанның алманың отаны ретінде танылуына ерекше мән берілді. Алматы маңындағы Тянь-Шань тауларының етегінде қазіргі алма сорттарының көпшілігіне негіз болатын жабайы алма ағашы Malus sieversii күні бүгінге дейін өседі. Бұл бірегей табиғат құбылысы зерттеулермен, соның ішінде National Geographic басылымдары да растайды.
Қатысушылар Қазақстан, оның мәдениеті, тарихы, туристік әлеуеті, заманауи жетістіктері туралы сұрақтар қойып, үлкен қызығушылық танытты.
«Алма» акциясының ұйымдастырылуы Қазақстанның позитивті имидж қалыптастыруға, мәдениет байланыстардыжетілдіріп, елдің танымалдылығын арттыруға бағытталған креативті дипломатиясының үлгісі болды, деді Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулдығының өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қыркүйекте Apple компаниясының жыл сайынғы негізгі баяндамасында iPhone-ның жаңа түрі мен оның жетілдірілген Pro және Max нұсқалары, сондай-ақ жаңа смарт сағаттар мен басқа Apple құрылғылары таныстырылды. Сатылымдар 19 қыркүйекте басталды.