Р.Отынбаева Алматыда, тамыз айында болатын Қырғызстан жөніндегі халықаралық донор мәжілісінің табысты өтетініне үмітін білдірді

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат - ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев шілденің 19-ы күні Қырғызстан Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отынбаевамен телефон арқылы сөйлесті.

Р.Отынбаева Алматыда, тамыз айында болатын Қырғызстан жөніндегі халықаралық донор мәжілісінің табысты өтетініне үмітін білдірді

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қырғызстан басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құрғаны үшін және Қырғызстан Республикасына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен делегация жібергендігі үшін алғысын білдірді.

«Өткен аптада Қырғызстанның бірінші вице-премьері Амангелді Мұралиев бастаған осындай жұмыс тобымен өткізілген бірлескен отырыстар болашақтағы тиянақты оңтайландыруларға себеп болатын тығыз ынтымақтастық үшін жақсы негіз қалады», - деп атап өтті Р.Отынбаева. Ол сондай-ақ, осы жылдың тамызында Алматы қаласында болатын Қырғызстан бойынша халықаралық донор мәжілісінің жемісті өтетініне үмітін білдірді.

Сонымен қатар Р.Отынбаева өзінің қызығушылығын растай келе, Қазақстанды ағымдағы жылғы шілденің 16-17-сі күндері Алматыда өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлері бейресми кездесуінің табысты өткенімен құттықтады.