Радек Вондрачек: Қазақстан мен Чехияны ортақ болашақ байланыстырады

АСТАНА. KAZINFORM — Чехия Республикасы Парламенті Өкілдер палатасы Халықаралық істер комитетінің төрағасы, Чехия–Қазақстан парламенттік достық тобының төрағасы Радек Вондрачек Қазақстан мен Чехия арасындағы парламентаралық байланыстардың қазіргі деңгейіне жоғары баға берді. 

Радек Вондрачек
Фото: Радек Вондрачектің жеке мұрағатынан

— Сіз Чехия–Қазақстан парламенттік достық тобының төрағасысыз. Бүгінде екі ел арасындағы парламентаралық байланыстар қандай деңгейде? 

Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың тамыры тереңде жатыр. Біз осы дәстүрлі байланысты сабақтастықпен жалғастырып қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен толықтыра түсудеміз. Бұған Чехия Премьер-министрінің Қазақстанға жақында жасаған сапары айқын мысал бола алады. Екі халық арасында шынайы достық орныққанын зор ықыласпен айта аламын. Бұл — өткінші емес, өзара көптеген кездесу мен жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген берік достық. Екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарға да оң баға беремін және олардың одан әрі дамуына айрықша мән беремін. Чехия мен Қазақстанды достық ынтымақтастыққа негізделген ортақ болашақ байланыстырады.

— Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықты қай салаларда дамытуға мүмкіндік мол деп ойлайсыз? Қазір қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр?

Екіжақты қатынастарымыздың деңгейі едәуір жоғарылап, жоғары мамандандырылған салалардағы ынтымақтастыққа жол ашылды. Атап айтқанда, энергетика, ядролық саладағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер, машина жасау, көлік және экология бағыттарында өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік мол. Чехия мен Қазақстан енді тек протоколдық кездесулермен шектелмейді. Жылы ықыласпен табысқан қол алысуымыз достығымызды ғана емес, сонымен бірге белсенді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ ниетімізді де айғақтады.

— Қазақстанда жаңа заң шығарушы орган — Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Осы саяси өзгерістерге және Қазақстанның даму бағытына қатысты қандай пікір білдірер едіңіз?

Қазақстан — даму қарқыны айрықша ел. Ол алға нық қадам басып келеді, алайда бұл үдеріс асығыстықпен емес, байыппен әрі сенімді түрде жүзеге асуда. Бұл ұстаным Қазақстанның сыртқы саясатына да тән. Қазақстанның халықаралық аренадағы орны ерекше — ол өз бағытын дербес айқындайтын егемен мемлекет және көпполярлы әлемнің жауапты әрі тәуелсіз қатысушысы. Сондықтан Қазақстанды Құрылтай депутаттарының сайлауын табысты өткізумен құттықтаймын. Осы табысты бағыттың одан әрі де нығая түсуіне тілектеспін және өзара ынтымақтастығымыздың алдағы уақытта одан әрі дами беретініне зор үміт артамын.

Айта кетейік, сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш келіссөз жүргізгенін жазғанбыз. Сонымен қатар Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Бұдан бөлек, Қазақстан – Чехия бизнес форумы аясында алты құжатқа қол қойылды.