Радиациядан неге қорқамыз? Сарапшы радиофобияның себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Радиация туралы кез келген ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызады. Алайда мамандардың айтуынша, «радиация бар» деген фактінің өзі қауіп деңгейін анықтауға жеткіліксіз. Ең бастысы — сәулеленудің түрі, дозасы, әсер ету ұзақтығы және адам мен сәуле көзі арасындағы қашықтық. Бұл туралы «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Энергетика тобының инженері Сейдулла Бексұлтан айтты.

радиация
Фото: Soyuz.by

Радиацияны сезу мүмкін емес

Маманның сөзінше, иондағыш сәулеленуді арнайы құралсыз көру немесе сезу мүмкін емес. Осы ерекшелік адамдар арасында радиацияға қатысты үрейдің күшеюіне себеп болады.

Қазақстанда радиацияға деген қоғамдық көзқарасқа Семей ядролық полигонының тарихы, сондай-ақ Чернобыль мен Фукусима атом электр станцияларындағы апаттар әсер еткен.

Сейдулла Бексұлтанның айтуынша, иондағыш сәулеленуден шамадан тыс қорқу «радиофобия» деп аталады. Дегенмен радиациялық қауіпсіздікке қызығушылық танытып, мониторинг нәтижелерін сұрау мен нақты ақпарат іздеуді радиофобиямен шатастырмау керек.

— Қауіпсіздік мәселелеріне қызығушылық, радиациялық мониторинг нәтижелерімен танысуға және сенімді ақпарат алуға деген ұмтылыс — табиғи реакция. Радиофобия мазасыздық деңгейі расталған тәуекел деңгейіне сәйкес келмеген кезде және адамның мінез-құлқына әсер ете бастағанда байқалады, — дейді «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Энергетика тобының инженері Сейдулла Бексұлтан.

«Радиация бар» дегеннің өзі қауіп бар деген сөз емес

Маман радиациялық жағдайды бағалау кезінде бірнеше факторды ескеру қажет екенін айтты. Олардың қатарында сәулелену түрі, доза мөлшері, әсер ету ұзақтығы, сәуле көзіне дейінгі қашықтық және радиоактивті заттардың ағзаға ену мүмкіндігі бар.

Сондықтан «бұл жерде радиация бар ма?» деген сұрақтың өзі жағдайға нақты баға беруге мүмкіндік бермейді.

— Нақты не өлшенгенін, қандай құралмен өлшенгенін және алынған нәтижелер табиғи фонмен және белгіленген стандарттармен қалай салыстырылатынын білу маңызды, — дейді Сейдулла Бексұлтан.

Адам күнделікті өмірде де табиғи радиацияға ұшырайды. Оның негізгі көздеріне ғарыштық сәулелену, табиғи радионуклидтер және радон жатады. Иондағыш сәулелену медицинада ауруларды диагностикалау және емдеу үшін де кеңінен қолданылады.

Дозиметр көрсеткіші нені білдіреді?

Сарапшы әлеуметтік желілерде радиация деңгейінің жоғарылағаны туралы ақпарат тараған жағдайда дереккөзге және өлшеу жүргізілген жағдайларға назар аударуға үндеді.

Оның айтуынша, тұрмыстық дозиметрдің бір реттік көрсеткіші радиациялық жағдай туралы толық әрі сенімді қорытынды жасауға жеткіліксіз. Өлшеу жүргізілген орын мен уақыт, қолданылған құрал, әдіс, табиғи радиациялық фон және ресми нормативтермен салыстыру нәтижесі де маңызды.

Радиациялық жағдай туралы ақпараттың ашық болуы қоғамдық алаңдаушылықты азайтуға мүмкіндік береді. Тұрақты мониторинг жүргізу, оның нәтижелерін жариялау және мамандардың түсіндіру жұмыстары қауесет пен болжамның таралуына жол бермеуге көмектеседі.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында «Қошқар-Ата» радиациялық қалдықтар қоймасының аумағында радиация белгіленген нормадан аспайтынын, дегенмен нысанды толық қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталмағанын жазғанбыз.