Рекордтық аптап пен қуаңшылық: Ұлыбританияда мыңдаған тұрғын ауыз сусыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның оңтүстік-шығысын мекендеген мыңдаған тұрғын рекордтық ыстық пен көктемгі қуаңшылық салдарынан ауыз су тапшылығына тап болды. Бұл туралы Reuters—ке сілтеме жасап, БЕЛТА жазды.
Агенттіктің мәліметінше, су беру жүйесіндегі іркілістер 20 мыңнан астам адамға әсер еткен. Олардың ішінде жағалаудағы Уитстейбл қаласының шамамен 8 мың тұрғыны бар. Халыққа төтенше жағдайда жеткізілген ауыз суды алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға тура келген.
Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің дерегіне сәйкес, аптап ыстық салдарынан су тұтыну көлемі күрт артқан. Ал наурыз және сәуір айларында жауын-шашынның аз түсуі су қоймаларына қосымша салмақ түсірген.
Reuters мәліметінше, соңғы жылдары Ұлыбританияда жекеменшік су компанияларының су құбыры инфрақұрылымына жеткілікті қаржы бөлмеуіне қатысты сын күшейіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, желілерді жаңғыртуға инвестицияның жеткіліксіздігі осындай жағдайлардың жиілеуіне әсер етіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропаны аптап ыстық жайлағанын жазған едік. Ұлыбритания 103 жыл бұрынғы рекордты жаңартқан болатын.
Айта кетейік, Сомалида қуаңшылықтың күшеюінен миллиондаған адам қоныс аударуға мәжбүр болды.