Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Рэп арқылы химияны қалай түсінуге болады - Ұлан Үсенов сабақ беру әдістерімен бөлісті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан ғылым, өнер және технологиялар фестивалі аясында әлеуметтік желіде танымал химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов дәріс оқыды. Іс-шара барысында ол қатысушылар үшін қызықты химиялық тәжірибелер де жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рэп арқылы химияны қалай түсінуге болады - Ұлан Үсенов сабақ беру әдістерімен бөлісті
Фото: instagram.com/wanna_be_teacher

«Фестивальге көптеген бала мен ата-ана жиналғанына өте қуаныштымын. Ғылымға жас кезінен бастап назар аудару керек. Сонда біздің арамыздан ең білікті ғалымдар шығады, жетістіктер көбейеді. Ғылымға, физикаға, химияға, биологияға, робототехникаға деген сүйіспеншілік - мұның бәрі бала кезінен басталады. Сондықтан, мұндай іс-шаралар өте маңызды. Бүгін мен дәріс оқыдым және интернеттегі сабақтардың миллиондаған қаралым жинауы үшін сабақты қалай қызықты ету керектігін айттым», - деп бөлісті Ұлан Үсенов.

Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновтің орындаған рэптері танымал бола бастады. Оның рэптері ерекше. Атап айтқанда, Ұлан музыканың осы жанры арқылы оқушыларға химиялық терминдер мен элементтерді түсіндіреді.

«Мен баладан профессор немесе академик жасауға тырыспаймын. Кейбіреулер үшін химия өмірдің бір бөлігі екенін жақсы түсінемін. Мен тек осы сәттің есте қаларлықтай болғанын қалаймын. Адамдар химияны жиі таңдайды. Бұл сала биологиямен тығыз байланысты. Көбі инженер мамандығына түсу үшін осы пәнді таңдап жатады. Адам миы бізге қажет емес әндердің сөздерін оңай есте сақтайтынын және маңызды нәрселерді есте сақтай алмайтынын байқадым. Содан кейін химия пәні бойынша бір параграфты алып, оның әуенге салдым. Балалар сабақты жақсы қабылдай бастады. Әуен, рифма, ритм бәрін үйренуге көмектеседі», - деп түйіндеді Ұлан Үсенов.

Еске сала кетейік, бүгін елордада балалар мен ересектерге арналған PRO.NRG FEST үлкен ғылыми отбасылық фестивалі өтіп жатыр.