Репродуктивтік денсаулық апталығы аясында 300 мыңнан астам адам қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Көктемнің соңғы аптасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтауға және халықтың репродуктивтік сауаттылығын арттыруға бағытталған Репродуктивтік денсаулық апталығы шеңберінде түрлі іс-шаралар өткізілді. Бұл туралы ДСМ-нің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Репродуктивтік денсаулық апталығы аясында 300 мыңнан астам адам қамтылды
Фото: Pexels

Науқанның негізгі мақсаты азаматтардың репродуктивтік денсаулықты қорғау, жеке гигиена, жыныстық жетілу, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ), адам папилломасы вирусының (АПВ) алдын алу, сондай-ақ отбасын жоспарлау және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру болды. 

Репродуктивтік денсаулық апталығы аясында 300 мыңнан астам адам қамтылды
Фото: ДСМ

Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен жастар денсаулық орталықтарының базасында Ашық есік күндері ұйымдастырылып, оның шеңберінде жасөспірімдер мен жастар гинекологтардан, урологтардан, дерматовенерологтардан, психологтардан және басқа да бейінді мамандардан консультация алу мүмкіндігіне ие болды.

— Апталық бағдарлама отбасын жоспарлау және жүктілікке дейінгі дайындық, ерлер мен әйелдер денсаулығы, жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығын сақтау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ жатыр мойны обыры мен адам папилломасы вирусының профилактикасы мәселелерін қамтыды, — делінген хабарламада.

Науқанның қорытындысы бойынша бейінді мамандардың қатысуымен 3 мыңнан астам ағартушылық іс-шаралар мен дәрістер өткізілді. Іс-шаралармен қамтылғандардың жалпы саны 300 мыңнан асты, оның ішінде 70 мыңнан астам ер адам, 137 мың әйел және 110 мың жасөспірім бар.

Халықтың ең жоғары белсенділігі мен қызығушылығы Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында байқалды. Науқан барысында жасөспірімдер мен жастарға ерекше назар аударылып, оларға денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу және болашақ ата-аналыққа жауапкершілікпен қарау жөнінде сенімді ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі берілді.

Іс-шараларды өткізуге Қазақстанның жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығы да қосылды. Ұйым әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер, мастер-кластар, ағартушылық кездесулер және бейінді мамандардың қатысуымен сараптамалық баяндамалар ұйымдастырды.

Айта кетейік, елде балалар онкологиясында заманауи емдеу әдістері енгізіліп жатыр.