Ресей атом мұзжарғыштары арқылы Арктикадағы жолды қалай ашып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Арктикасының астанасы саналатын Мурманскіге сапар барысында Kazinform тілшісі Солтүстік теңіз жолының мүмкіндігін, атом мұзжарғыштарының маңызы мен өңірдің болашағын зерделеп қайтты.
Мұз үстіндегі магистраль: Солтүстік теңіз жолының болашағы
Мурманскіде полярлы күн мамыр айының басынан тамыз айының ортасына дейін жалғасады. Бұл кезде күн көкжиекке толық батпайды. Біз де Арктика астанасына дәл осы ерекше кезеңде жеттік.
Мурманск портынан басталған сапар Арктиканың стратегиялық маңызын бірден аңғартты. Осы жерден өтетін Солтүстік теңіз жолы (СТЖ) Ресейдің солтүстік жағалауын бойлай, Еуразияның батысы мен Азия-Тынық мұхиты аймағын байланыстырады. Ұзындығы шамамен 5600 шақырым болатын бағыт Кар, Лаптев, Шығыс Сібір және Чукот теңіздері арқылы өтеді.
Картада қарапайым сызық болып көрінгенімен, СТЖ – күрделі инфрақұрылымға сүйенетін жүйе. Порттар, терминалдар, навигация және байланыс құралдары, мұз жағдайын бақылау мен құтқару қызметтері бір-бірімен тығыз байланысты. Сабетта, Диксон, Дудинка, Хатанга, Тикси және Певек порттары осы жүйенің маңызды буыны саналады.
Сондықтан СТЖ-ның дамуы тек жүк тасымалымен шектелмейді. Ол Арктикадағы табиғи ресурстарды игеру, солтүстік аумақтардың экономикасын дамыту және жаңа инфрақұрылым қалыптастырумен тікелей байланысты. 2018 жылдан бері «Росатом» корпорациясы инфрақұрылымдық оператор ретінде жұмыс істейді.
«Атомфлот» мемлекеттік кәсіпорнының («Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді) бас директоры Яков Антоновтың айтуынша, СТЖ-ның болашағы жыл бойы жұмыс істейтін көлік магистралі мен ғылыми зерттеулерді қатар дамытуға байланысты.
– Қазір Ресей СТЖ-ны жыл бойы жұмыс істейтін көлік магистраліне айналдыру және Арктикада ғылыми зерттеулер жүргізу бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр, – деді Яков Антонов.
Алайда СТЖ-ны жыл бойы пайдалану оңай емес. Солтүстік Мұзды мұхитта мұздың қалыңдығы мен қозғалысы, жел, ағыстар мен күн райы кеме бағытын үнемі өзгертіп отыруы мүмкін.
Қысқа бағыттың экономикалық мүмкіндігі
СТЖ-ға қызығушылықтың басты себептерінің бірі – оның географиялық артықшылығы. Арктика бағыты Азиядан Еуропаға баратын дәстүрлі теңіз маршрутымен салыстырғанда жолды 30-40%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Мәселен, Шанхайдан Гамбургке дейінгі қашықтық - СТЖ арқылы шамамен 7 350 теңіз милі, яғни Суэц каналы арқылы өтетін 10 800 теңіз милінен 32%-ға қысқа. Пусаннан Роттердамға дейінгі бағытта да тасымалдау уақытын 10 күннен астам үнемдеуге болады.
Бағыттың тағы бір артықшылығы – қауіпсіздігі. Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, өткен жылы әлемде теңіз қарақшылығы мен қарулы тонауға қатысты 137 оқиға тіркелген. Оның 95-і Оңтүстік-Шығыс Азияда, соның ішінде 80-і Сингапур бұғазында болған. Ал СТЖ Ресейдің арктикалық суларымен өтеді және қарақшылық қаупі жоқ. Бағыттың тартымдылығы жүк көлемінен көрінеді.
– СТЖ-дағы жүк көлемі бағытқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылы мұнда 37,2 млн тонна жүк тасымалданды. Оның ішінде транзиттік жүк көлемі рекордтық 3,2 млн тоннаға жетті. Сол жылы маршрут бойынша 1 565 кеме рейсі жасалып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 16%-ға артық болды, – деді Яков Антонов.
Алайда жүк ағыны өскен сайын оны қамтамасыз ететін инфрақұрылымға қойылатын талап та артады. Арктиканың мұзды жағдайында бұл міндеттің негізгі бөлігі мұзжарғыш флотқа тиесілі.
«Лениннен» «Россияға» дейін
Ресей – әлемдегі атом мұзжарғыш флоты бар жалғыз мемлекет. Мурманск портында қатар тұрған кемелердің ауқымы бірден көзге түседі. Олардың әрбір бөлшегі Арктиканың қатал жағдайына бейімделген.
Атом мұзжарғыштарының тарихы 1959 жылдан басталады. Сол жылы 3 желтоқсанда әлемдегі алғашқы атом мұзжарғышы – «Ленинде» ту көтерілді. Бүгінде Мурманскіде музей ретінде тұрған кеме сол кезеңдегі инженерлік шешімдердің ауқымын көрсетеді. Бұл мұзжарғыштың біліктеріндегі қуат 32 МВт болды. Екі ОК-900 реакторы кемеге ұзақ уақыт отынсыз жұмыс істеуге мүмкіндік берді. 30 жыл ішінде ол 654 мың теңіз милін жүріп өтіп, Арктика мұздары арқылы 3 741 кемені алып өткен.
«Лениннен» басталған тарих бүгінде тұтас флотқа ұласты. Қазір «Росатом» мемлекеттік корпорациясы атомдық мұзжарғыштар флотының құрамында сегіз атом мұзжарғышы бар. Олардың қатарында «50 лет Победы», «Ямал», «Таймыр», «Вайгач» және 22220 жобасының әмбебап атомдық мұзжарғыштары «Арктика», «Сибирь», «Урал», «Якутия» кемелері жүр.
Мұзжарғыштардың басты ерекшелігі – қуаты мен әмбебаптығы. Олар ядролық отынды қайта қуаттамай, жеті жылға дейін жұмыс істей алады.
Атом мұзжарғыш флотында ширек ғасырдан астам еңбек етіп келе жатқан «Арктика» капитаны Василий Губкиннің айтуынша, мұзды бұзу – күрделі инженерлік процесс.
– Мұзжарғыш мұздың үстіне салмақ салып, өзінің массасымен оны сындырады. Мұз бөліктері екі жаққа ығысып, артынан келе жатқан кемелерге жол ашылады. Корпус төмен температураға төзімді аса берік болаттан жасалады. Ал мұзбен тікелей жанасатын бөліктер арнайы белдеумен қорғалған. Оның қалыңдығы кеменің негізгі корпусынан әлдеқайда жоғары, – деді Василий Губкин.
Мұзжарғыштардың арнайы инженерлік жүйелері де олардың жұмысын жеңілдетеді. Дифференттік цистерналар кеменің қалпын өзгертіп, корпусқа түсетін қысымды азайтады. Ал кемелердегі бүйірлік цистерналар мұзды борттарымен сындыруға мүмкіндік береді. Дегенмен Арктикада бағытты таңдауда капитанның тәжірибесі шешуші рөл атқарады.
Жаңа буындағы 22220 жобасының кемелері флоттың мүмкіндігін одан әрі кеңейтті. 2020 жылы пайдалануға берілген «Арктикадан» кейін «Сибирь», «Урал» және «Якутия» қатарға қосылды. Олардың басты ерекшеліктерінің бірі – айнымалы шөгінді. Кеме шөгуін 10,5 метрден 9,03 метрге дейін өзгерте алады. Соның арқасында ол ашық теңізбен қатар, Енисей мен Обь өзендерінің сағаларындағы таяз суларда да жұмыс істейді.
– Айнымалы шөгуді пайдалану мұзжарғыштарға ашық теңіз учаскелерінде де, полярлық өзендердің сағасындағы таяз суларда да бірдей тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді мұзжарғыш капитаны.
Флотты жаңарту жалғасып жатыр. Қазір «Чукотка», «Ленинград» және «Сталинград» әмбебап атом мұзжарғыштарын құрастыру қолға алынған.
– Ал салынып жатқан ең ірі атомдық мұзжарғыш – 10510 жобасының «Ресей» атом мұзжарғышы. Екі РИТМ-400 реакторлық қондырғысымен жабдықталатын кеме төрт метрден астам мұзды бұзып, шамамен 50 метрлік арна қалыптастыра алады, – деп толықтырды Яков Антонов.
Атом мұзжарғыштары қауіпсіз бе?
Атом мұзжарғыштарының қуаты артқан сайын қауіпсіздікке қойылатын талап та күшейеді. Кемелердегі ядролық энергетикалық қондырғылар бірнеше деңгейлі қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Ол экипажды, халықты және қоршаған ортаны радиациялық әсерден қорғауға бағытталады.
Реакторды автоматты түрде тоқтату, жылуды бұру және радиоактивті заттардың таралуын шектеу жүйелері қарастырылған.
– Реакторлық қондырғылар герметикалық қорғаныс қабығының ішінде орналасқан. Оның айналасында қосымша қорғаныс құрылымы бар. Арнайы желдету жүйесі кемедегі басқа желдету жүйелерінен оқшауланған, – деп түсіндірді «Атомфлот» ядролық отын және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі бас инженерінің орынбасары Олег Халимуллин.
Қазақстандық оқушы Солтүстік полюске жол тартты
Сапардың ерекше тұстарының бірі – «50 лет Победы» бортындағы жастар болды. Әлемнің әр түкпірінен келген оқушыларды ғылымға деген қызығушылық біріктіреді. Олар «Білім мұзжарғышы» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында Солтүстік полюске бағыт алды.
2019 жылы басталған жоба жаратылыстану ғылымдары мен атом технологияларын насихаттап, талантты жастарды анықтауға және инженерлік мамандықтарға қызығушылықты арттыруға бағытталған. 2024 жылы халықаралық деңгейге шыққан жобаға биыл Ресеймен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Бразилия, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің оқушылары қатысып жатыр.
Қазақстандық қатысушылардың бірі – қарағандылық 11-сынып оқушысы Анна Рогозина. Болашақта ядролық медицина саласында еңбек еткісі келетін жасөспірім үшін сапар арманын жүзеге асыруға мүмкіндік берген.
– Іріктеу үш кезең бойынша жүргізілді. Алдымен жаратылыстану ғылымдары, озық технологиялар, атом энергетикасы және Арктика туралы білім сыналды. Кейін сарапшылардың вебинарларына қатысып, атом технологиялары мен Арктиканың болашағы туралы жаңа ақпарат алдық. Бұл болашақта маман ретінде қалыптасуыма сеп. Арманым орындалды, менің де, ата-анамның да қуанышында шек жоқ, – деді Анна Рогозина.
Сапар қатысушылар үшін жай саяхатпен шектелмейді. Олар жол бойы дәріс тыңдап, ғылыми тәжірибелерге қатысып, мамандармен бірлесе жұмыс істейді.
Экспедиция Мурманскіден басталып, Баренц теңізі мен Франц-Иосиф жері архипелагі арқылы 90° солтүстік ендікке – географиялық Солтүстік полюске бағыт алды.
– Полярлық күннің ерекшелігі әсерді күшейтеді. Күн көкжиектен ұзақ уақыт батпайды. Қар мен мұз күн сәулесін шағылыстырады. Ашық палубада ауа температурасы -5-тен +5 градусқа дейін болуы мүмкін. Ал кеменің ішінде +18, +25 градус шамасында жайлы жағдай сақталады. Экспедицияға қатысушыларға арнайы жылы киімдер берілді. Сапарда қауіпсіздік ережелерін сақтау, экипаждың нұсқауын орындау – басты талаптың бірі. Өйткені «50 лет Победы» – туристік лайнер емес. Бұл – күрделі мұз жағдайында жұмыс істейтін атом мұзжарғышы, – деді капитан Руслан Сасов.
Мұздағы басты қағида – табиғатпен санасу
Мурманскіден Солтүстік полюске қарай қозғалған сайын Арктиканың ауқымы айқындала түседі. Бұл – әлемдік логистика, ғылым мен технология тоғысқан кеңістік. СТЖ теңіз бағытын қалыптастырса, атом мұзжарғыштары оның жұмысын қамтамасыз етеді. Ал ғылыми-ағартушылық жобалар салаға қажет мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Алайда Арктиканы игеру - табиғатты екінші орынға ысыру деген сөз емес. Мұздың ар жағында да тіршілік бар. «Арктика» мұзжарғышының капитаны Василий Губкин кеме бағытына бірнеше рет ақ аюлар мен қонжықтар тап болғанын айтады.
– Бірнеше рет мұзжарғыштың бағытына, тіпті бір күн бұрын өзім ашқан мұз жолына ақ аюдың немесе қонжықтары әлі мұз үйінділерінен дұрыс өте алмайтын аюдың тап болған кезі болды. Қонжықтар анасының соңынан бірінің ізін бірі басып, сүрініп жүгіріп келе жатты.
Мұндай жағдайда мен жол жүруді толық тоқтатамын. Ақ аюға жол беру керек. Қажет болса, дыбыс сигналын береміз, ал қараңғы уақытта жарық түсіріп, оған қай жаққа өту керегін көрсетеміз. Өйткені ақ аю – солтүстіктің қожайыны. Ал біз - бұл жерде тек қонақпыз, – деді Василий Губкин.
Бұл сөздер адам мен табиғаттың байланысын көрсетеді. Адам мұзды жарып, жол аша алады. Қуатты кеме де жасай алады. Бірақ табиғат алдында қауқарсыз.
Сондықтан Арктиканың болашағы жүк көлемі мен технология қуатымен ғана өлшенбейді. Мұнда экономика мен экология қатар жүруі керек. Солтүстік теңіз жолының келешегі де осы тепе-теңдікке байланысты өрбімек.