Ресей Әзербайжан арқылы Арменияға теміржол транзитін іске қосуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға тауарларды теміржолмен тасымалдауды жолға қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
 
                                              Ресей Федерациясы Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчуктың айтуынша, Ресей тарапы Арменияға тауарларды Әзербайжан арқылы теміржолмен жеткізуге қатысты ұйымдастырушылық мәселелерді қарастырып жатыр.
— Әзербайжан тарапы Ресей өнімдерін Арменияға транзитпен өткізу үшін өз теміржолдарын пайдалануға мүмкіндік бар екенін растады. Бұл бағытта оң өзгерістер байқалады. Қазір «Ресей темір жолдары» компаниясы өңірдегі әріптестерімен бірлесіп тасымалдың ұйымдастыру мәселелерін талқылауда. Сондай-ақ Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа логистикалық бағытты игеру тапсырылды, — деді Оверчук.
Бұған дейін Әзербайжан Президенті Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Арменияға транзиттік жүк тасымалына қойылған шектеулердің алынғанын хабарлаған болатын.
Осы жаңа бағыт бойынша алғашқы тасымалданған жүк қазақстандық бидай болды.
Осыдан кейін Армения Премьер-министрі Никол Пашинян транзит мәселесін реттеуге ықпал еткені үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.