Ресей елімізден әскери полигонды жалға алғаны үшін бюджетке жыл сайын 24 млн. 786 мың доллар төлейді - Қаржы министрі

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Өзара қаржылық мәселелерді реттеу және әскери білім беру мен сынақ полигондарын пайдалану саласындағы есеп айырысу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
Заң жобасы бойынша баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішев, аталған келісімге қол қойылған 2005 жылдан бастап еліміздің республикалық бюджетіне әскери полигондарды жалға беруден түсімдер түсіп келетінін айтты. «Атап айтқанда, Ресей әскерилері елімізден полигондарды жалға алу, пайдалану туралы бірқатар келісімдер жасалғаны белгілі. Осы келісімдерге сәйкес, ресейліктер әскери полигондарды жалға алғаны үшін гектарына 2 доллар 33 цент төлейтіні туралы шешім қабылданған. Сондықтан да, жыл сайын екі теңдей бағыт бойынша еліміздің бюджетіне 24 млн. 786 мың доллар кіріс түседі. Бұл төлем жасалатын күнгі теңге бағамымен жүзеге асады», - дейді Қаржы министрі Б. Жәмішев.