Ресей ғалымдары болашақ дәрілерге негіз болатын жаңа молекулаларды жасап шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Красноярск қаласындағы академик М.Ф.Решетнев атындағы Сібір мемлекеттік ғылым және технологиялар университеті ғалымдары зертханада бұрын болмаған он жаңа химиялық қосылысты жасап шығарды. Бұл заттар болашақта жаңа дәрілік препараттар әзірлеуге негіз болуы мүмкін, деп хабарлайды ТАСС.

Фармацевтика
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, зерттеу органикалық химия және технология кафедрасында жүргізілген. Ғалымдар азот атомы бар күрделі органикалық молекулаларды арнайы химиялық реакциялар арқылы алған. Мұндай қосылыстар фармацевтика саласында жоғары биологиялық белсенділігімен бағаланады.

Зертханада хинолин, гидразинилфталазин, бензотиазол, пиразол және гидразинилтриазол туындылары әзірленген. Бұған дейін мұндай құрылымдарды алу тәсілдері жеткілікті зерттелмегендіктен, оларды іс жүзінде қолдану шектеулі болған.

Жоба жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Павел Бобровтің айтуынша, жаңа молекулалардың құрылымы мен қасиеттерін жан-жақты зерттеу олардың қай бағытта тиімді қолданылатынын анықтауға мүмкіндік береді.

– Біз алған қосылыстардың бірқатарын биологиялық белсенділікке сынауға ұсынып отырмыз. Олар микробқа, ісікке және қабынуға қарсы дәрілер жасауға негіз болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл заттарды белгілі бір қасиеттері бар жаңа материалдар әзірлеуде де қолдануға болады, – деді Павел Бобров.

Ғалымдардың пікірінше, жаңа қосылыстар дәрілік заттарды іздеуге арналған химиялық құрылымдар қорын кеңейтеді. Бұл фармацевтерге болашақта тиімді әрі заманауи препараттар әзірлеу мүмкіндігін арттырады.

Айта кетейік, Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек өндіріледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум