Ресей мен Қазақстан мұнай жеткізіліміндегі баж салығын алып тастады
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Дмитрий Медведев «Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
Ресей Федерациясының үкіметі мен Қазақстан Республикасының үкіметі арасындағы келісімді ратификациялау туралы» Федеральдық Заңға қол қойды. Бұл туралы РБК агенттігі хабарлады.
Кремльдің баспасөз қызметінен нақтылағандай, Мемлекеттік Дума 1 шілдеде қабылдап, Федерациялар кеңесі 6 шілдеде мақұлдаған бұл құжатқа сәйкес, тараптардың құзырлы органдары мұнай және мұнай өнімдері өндірісінің, тұтынымының, жеткізілімінің, импорты мен экспортының өз аумақтарындағы балансын келісіп отыратын болады.
Бұл Заң Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Ресей Федерациясының үкіметі мен Қазақстан Республикасының үкіметі арасындағы келісімді ратификациялап отыр. 2010 жылы 9 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған бұл келісімде тараптардың мұнайдың өзара сауда-саттығында кедендік баж салығын, басқа да салықтар мен алымдарды қолдануға тыйым салуы қарастырылған.