Ресей «Мир» төлем жүйесін Иранның Shetab жүйесімен интеграциялады

Банкомат, банк, карточка
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейліктер Иранның Shetab картасын пайдаланып төлем жасауға мүмкіндік алды. Бұл туралы Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Иранның Орталық банк төрағасы Мохаммад Реза Фарзин Мәскеу мен Теһран арасында екі елдің төлем жүйелерін интеграциялау аяқталғанын мәлім етті.

«Кездесу барысында тараптар ресейлік «Мир» төлем жүйесін ирандық Shetab жүйесіне қосу талаптары бағытындағы жұмыстарды аяқтады», - деді ол Санкт-Петербургтен оралған бетте.

Айта кету керек, Мохаммад Реза Фарзин Санкт-Петербургте Ресей Орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллинамен кездескен болатын.

Екі жүйені интеграциялаудың бірінші сатысы 22 тамызда басталады. Осылайша ресейліктер Shetab жүйесіндегі Amber смарт-карталарын Ресейдегі бүкіл банкоматтарға салып, рубль шеше алады.

Интеграцияның екінші кезеңінде ресейліктер өз картасымен Иранда жүріп төлем жасауға мүмкіндік алады. Ал үшінші кезеңде ирандықтар Ресейде жүріп өз карталарымен төлем жасауға мүмкіндік алады.

ТАСС мәліметі бойынша, Ресейдің «Мир» банкомат картасы 12 елде жарамды. Бірақ оның 8-інде карта белгілі бір шектеулермен ғана жұмыс істейді. «Мир» картасы Ресейден бөлек Беларусь, Куба елдерінде, сондай-ақ, Грузия аумағындағы Абхазия және Оңтүстік Осетия квазимемлекеттік құрылымдарында шектеусіз жұмыс істейді.

Ресей бұл картаны Мысыр, Маврикий және Мяньма елдеріне де енгізбекші.

Соңғы жаңалықтар