Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың фиджитал-спортты дамытудағы рөлін жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің басталуына орай бейнеқұттықтау жолдады.

Путин
Фото: Ақорда

Ресей президентінің айтуынша, бұл бірегей сайыс спортты заманауи инновациялармен, ал физикалық дайындықты зияткерлік қабілетпен ұштастырады. Оның басты миссиясы – болашаққа ұмтылған, жаңашылдыққа ашық, озық технологияларды еркін меңгерген, білімнің қадірін түсініп, үнемі кемелдікке ұмтылатын тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ету.

– Уақыт өте келе Ойындар бағдарламасындағы жарыс түрлерінің саны да, жалпы фиджитал спорттың ауқымы мен танымалдығы да арта түсеріне сенімдімін. Ресей – әлемдегі жетекші спорт державаларының бірі, даңқты спортшылардың, рекордтар мен жеңістердің отаны. Фиджитал-қозғалыстың бастауында дәл біздің ел тұрғанын мақтан тұтамыз. Сондықтан бұл спорт түрінің дамуына барлық қажетті жағдайды жасап келеміз. Бүкілресейлік фиджитал спорт федерациясы 2022 жылдың қараша айында құрылды. Ал 2024 жылдың ақпан-наурыз айларында елімізде алғашқы «Болашақ ойындары» өтіп, спортшылар мен әлем көрермендерінің зор қызығушылығын тудырды, – деді В.Путин.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Өз сөзінде В.Путин бұл ойындар әуелден саяси конъюнктурадан, кемсітушіліктің кез келген түрінен және қосарланған стандарттардан ада болып келгенін әрі солай болып қалатынын атап өтті.

– Ең бастысы – Ойындардың географиялық ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы эстафетаны былтырғы жарыс қожайыны Әбу-Дабиден қабылдап алған жарқын, заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан Астана қаласы қабылдап отыр. Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың фиджитал-қозғалыс пен «Болашақ ойындарының» дамуына қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Оның жеке қолдауы мен осы бастамаға шынайы қызығушылығының арқасында үшінші «Болашақ ойындары» Астанада өтіп жатыр, – деді РФ президенті.

Владимир Путин Қазақстанның спорттық әлеуеті өте жоғары екенін, ел спортшылары беделді халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткенін айтты.

– Біз қазақстандық достарымыздың кеңпейілдігі мен қонақжайлығы туралы жақсы білеміз. Сондықтан бұл ойындар ең жоғары деңгейде өтеріне, ал спортшылар мен жанкүйерлер командалар арасындағы тартысты бәсекеден ерекше әсер аларына сенемін. Жарыс қатысушыларына толағай табыс, ал қонақтарға жарқын әрі ұмытылмас әсер тілеймін, – деді В.Путин.

Айта кетейік, Астанада «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылу рәсімі өтіп жатыр.

Былтыр БАӘ Әбу-Даби қаласында Астана Болашақ ойындарының эстафетасын қабылдаған еді.