Ресей Президенті Ресей мен Қазақстан серіктестігін ілгерілетуге өңірлердің қосқан үлесін жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында өтіп жатқан XXII Қазақстан — Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Жиында Путин аймақ басшылары мен бизнестің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде сауда-саттық жанданып, өзара инвестиция ағыны ұлғайып келе жатқанын айтты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Ең басты нәрсені айтайын: Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласында, сондай-ақ экономика мен қоғамдық өмірдің басқа да бағыттарында өзара тиімді ықпалдастықты арттыруына мүмкіндіктері мол. Осындай үйлесімді әрі ұжымдық жұмысты жалғастырса, Ресей мен Қазақстанның өңірлері екі елдің бауырлас халықтарының игілігі үшін жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі тереңдетуге елеулі үлес қосады, — деді Владимир Путин.
Пленарлық отырыста Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі.
Айта кетейік, Президент Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға барды.