Ресей сыртқы істер министрі ШҚО әкіміне алғыс білдірді

Сергей Лавров алғыс хатын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың атына жіберген.
Ресми хабарламада былай жазылған: «ҚР Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б. М. Сапарбаевқа жеке алғысымды білдіргім келеді. Оның ерекше ілтипатының арқасында облыспен және оның әкімшілік орталығы Өскемен қаласымен танысу өте әсерлі әрі жан-жақты өтті, біздің шекаралас өңірлер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және рухани ынтымақтастықтың перспективалық әлеуетімен толық қанықтым».
Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы 6 тамызда Қазақстанға жұмыс сапары барысында Сергей Лавров Өскеменге барды, онда бірқатар ірі өнеркәсіптік және мәдени нысандарды аралады. Сондай-ақ облыс орталығында ҚР және РФ сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп, онда сауда-экономикалық сала мен еуразиялық интеграциялық үрдістерді жылжыту мәселелері талқыланған болатын.