Ресей және Беларусьпен ықпалдасу әрқашан да бірге өмір сүрген адамдарды шекарамен бөлмеуге ұмтылуға негізделген - Елбасы
Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Успен кафедралды соборында болып, еліміздің барша православие христиандарын Рождество мерекесімен құттықтауы барысында айтты.
«Біз Рождество мен Пасханы және Ораза айты мен Құрбан айтын мерекелейміз. Бұл қалыпты құбылысқа айналды. Осындай өзара түсіністіктің арқасында елімізде бейбітшілік, келісім және игілік орнаған. Бүгінде өздеріңіз де бүкіл әлемде орын алып жатқан оқиғаларды, оларда тыныштық сақталмай отырғандықтарын көріп отырсыздар. Және де біздер сіздермен, қазақстандықтармен осы бейбітшілікті көре білуіміз керек, Әлемде тынышсыздық, ал бізде бейбітшілік. Өйткені біз туған жерімізді сүйеміз, өйткені біз бәріміз бірлесіп оны қалыптастырдық, Қазақстанның негізін қаладық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Елбасы Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ адамзатты сүю, бейбітшілік пен келісім саясаты жүргізіліп келе жатқандығын баса айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде тұрып жатқан барлық ұлттардың мәдениетін, тілі мен діни сенімін сақтау үшін құрылды. Қазақстанда әлемдік діндер көшбасшыларының съездері өтуде. Біздің еліміз аталған діни жиынды өткізуге лайық болып отыр.
«1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмыс істеуде. Бұл да бауырластықтың белгісі, әрқашан да бірге өмір сүрген адамдарды шекарамен, қандай да бір белгімен бөлмеуге, бірге араласып тұруға, сауда жасауға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Біздің еліміз өмір сүруге қолайлы. Сондықтан да менің барлық ой-арманым қазақстандықтардың жақсы өмір сүріп, елдің гүлденуі ісіне бағышталған», - деді Н.Назарбаев.