Ресейде алғаш рет АИВ-мен (ВИЧ) ауыратын науқасқа жүрек ауыстыру отасы жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Санкт-Петербургте АИВ-инфекциясымен (ВИЧ) ауыратын пациентке алғаш рет Ресейде жүрек ауыстыру операциясы сәтті өткізілді. Бұл туралы дүйсенбі күні ЖИТС (СПИД) және инфекциялық аурулар орталығының бас дәрігері Татьяна Виноградова хабарлады, деп жазды Синьхуа.

СПИД, науқас, жүрек трансплантациясы
Фото: freepik.com

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған баспасөз мәслихатында ол екі ай бұрын елде АИВ-мен ауыратын пациентке алғашқы жүрек трансплантациясы жасалғанын атап өтті. Қазіргі таңда пациент палатада, отаның нәтижесі жеткілікті деңгейде сәтті өткен.

Т.Виноградованың айтуынша, АИВ-мен ауыратын пациенттер кез келген медициналық мекемеде көмек алу құқығына ие, ал антиретровирустық терапия олардың өмір сапасын және ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Санкт-Петербург ЖИТС және инфекциялық аурулар орталығының Телеграм-арнасы хабарлағандай, науқасқа 1,5 жыл бұрын жасанды сол жақ қарыншасы орнатылған және жүрек жеткіліксіздігінің өршуі салдарынан жүрек трансплантациясына мұқтаж болған. Ота В.А.Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығында 12 сағаттан астам уақыт жүргізілген. Трансплантация процедурасы стандартты түрде өтіп, сәтті аяқталған.

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні 1 желтоқсанда аталып өтетінін еске саламыз. Бұл датаны 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жүрек ырғағы бұзылған науқастарға алғаш рет CSP импланты салынғанын жаздық.

Сондай-ақ Астанада жүрек жеткіліксіздігі бар екі пациентке үш камералы кардиостимулятор орнатылды.

Соңғы жаңалықтар