Ресейде хантавирусты анықтайтын тест бір аптада әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейде Андес хантавирусын анықтауға арналған тест-жүйелер қысқа мерзімде әзірленді. Бұл туралы ҰҚШҰ аясында өткен халықаралық конференцияда Ресей ғылым академиясының академигі Василий Акимкин мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің биологиялық қауіп-қатерлерге ден қою жөніндегі халықаралық оқу-жаттығулары аясында өткен конференцияда Роспотребнадзордың Орталық эпидемиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Ресей ғылым академиясының академигі Василий Акимкин Андес вирусы туралы ақпарат алмасу өте жылдам жүргенін атап өтті.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, 8 мамыр күні ғана Швейцарияда оның толық геномы алынды. 11 мамырда бұл деректер тіркелді, ал толық геномды штаммдар небәрі алты пациенттен алынған еді. Оның үстіне олар 2014 және 2018 жылдардағы індеттер кезінде тіркелген Чили мен Аргентинадағы штаммдарға өте ұқсас болды. Ақпарат алмасу өте жедел өтті. Біз бұл бағыттағы жұмысты бірден қолға алып, іс жүзінде бір аптадан кейін-ақ Андес вирусын анықтауға арналған зертханалық әдістемеге ие болдық, – деді Акимкин.
Ол елде хантавирустың басқа түрлерін анықтауға арналған әдістемелер бұған дейін де болғанын атап өтті.
Өткен аптада Роспотребнадзор ведомствоның Бундибуджио вирусын (Эбола вирусының бір штаммы) анықтауға арналған ресейлік тест-жүйелерді әзірлеп, оларды Конго Республикасына жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын.
Бұған дейін круиздік лайнердегі өлімге әкелген хантавирус оқиғасы жаңа вакцинаны әзірлеу жұмыстарын жеделдеткені туралы хабарланды.