Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ресейде Қазақстанның екі азаматы қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Алтай Республикасы аумағында болған жол апаты салдарынан Қазақстанның екі азаматы көз жұмып, тағы бір отандасымыз жарақат алды. Бұл жөнінде ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

с
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

– ҚР Сыртқы істер министрлігі 27 шілдеде Алтай Республикасының Ұлаған ауданында қайғылы жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан Қазақстан Республикасының азаматтары зардап шеккенін хабарлайды. Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, Ақташ ауылының маңында Toyota Avensis маркалы автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, ішінде бес адам болған Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан. Алған жарақаттардың салдарынан оқиға орнында Қазақстанның екі азаматы қайтыс болғанын терең қайғыра отырып хабарлаймыз. Тағы бір отандасымыз түрлі дәрежедегі жарақат алып, Горно-Алтайск қаласының Республикалық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілді, – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, қазір мәселе Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.

– Дипломаттарымыз жергілікті билік орындарымен, медициналық мекемемен және зардап шеккендердің туыстарымен жедел түрде байланыс орнатты. Қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, сондай-ақ қаза тапқандардың мәйітін Отанына тасымалдауды ұйымдастыруға жәрдем көрсетіліп жатыр, – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жарты жылда жол апатынан 807 адам қаза тапқанын жазғанбыз.