Ресейде пиротехника өндіретін кәсіпорындағы өрттен 13 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Ярославль облысында пиротехника өндіретін кәсіпорында болған өрттен 13 адам қаза тапты, деп хабарлайды ТАСС.
Кубринск ауылындағы петарда өндіретін кәсіпорында өрт шыққан. Төтенше жағдай салдарынан жақын маңдағы тоғыз көппәтерлі тұрғын үйге зақым келген.
Жедел қызмет өкілдерінің агенттікке хабарлауынша, негізінен ғимараттардың әйнектері сынған, тағы бір үйдің шатыры зақымданған.
ТАСС мәліметінше, бұған дейін кәсіпорында электр сымдарына қатысты заң бұзу анықталған. Ярославль облысы бойынша Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің бас басқармасы өндірісті соңғы рет 2024 жылғы 26 қарашада тексерген. Сол кезде инспектор оқшаулағыш қабатының зақымданған электр сымдарына байланысты ескерту жасаған.
Кәсіпорын елеулі тәуекел санатына жатады. Ресей заңнамасына сәйкес, мұндай нысандарға жоспарлы тексеру үш жылда бір реттен жиі жүргізілмеуі мүмкін.
Өндіріс тиесілі компания 2025 жылы Минеральные Воды қаласында тіркелген. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, оның негізгі қызмет түрі – өнеркәсіптік химикаттарды көтерме саудада сату.
Бұған дейін Якутиядағы Эльга көмір кен орнындағы резервтік сорғы станциясында дәнекерлеу жұмыстары кезінде жарылыс болған еді.