Ресейде ұшақ бортында пауэрбанктерді зарядтауға тыйым салынды

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресей Көлік министрлігі жариялаған жаңартылған ережеге сәйкес, жолаушылар енді қуаты жоғары пауэрбанктерді ұшақ бортына алып кіре алмайды. Сондай-ақ ұшу кезінде құрылғыларды зарядтауға тыйым салынды. Бұл туралы жаңартылған нормаларда айтылған, деп хабарлайды агенттік тілшісі ведомствоға сілтеме жасап. 

Тағы бір түрік әуе компаниясы ұшақ бортында пауэрбанктерге тыйым салды: жолаушылар нені білуі керек
Фото: www.trthaber.com

Ұшу кезінде құрылғыларды зарядтауға тыйым салынғаны, ал аккумуляторларды орауға ерекше назар аудару қажет екендігі атап өтіледі.
Ережеге сай, пауэрбанктер жолаушының қол жүгінде және бақылауында болуы тиіс. Оларды жүкпен тасымалдауға рұқсат етілмейді. 

Қуаты 100 Ватт-сағатқа дейінгі аккумуляторларды ұшақ салонына еркін алып кіруге болады. Ал 100-160 Ватт-сағат аралығындағы құрылғыларды тасымалдау әуекомпанияның келісімімен жүзеге асады. Қуаты 160 Ватт-сағаттан асатын құрылғыларды бортқа алып кіруге тыйым салынған.

Ресейдің бес әуекомпаниясы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) нормаларына сәйкес аккумуляторларды тасымалдау ережелерін өзгертті.

«Аэрофлот» бортында оларды тасымалдаудың жаңа ережелерін 6 мамырда енгізді. Жүкке тапсыруға тыйым салынғанынан басқа, оларды бортта зарядтауға, сондай-ақ ұшу кезінде, таксировка және қону кезінде пайдалануға болмайтыны атап өтілді. Бұған дейін «Россия», «Победа» және S7 әуекомпаниялары да осындай шешім қабылдаған. Одан кейін, 7 мамырда Smartavia ұшақ бортында пауэрбанктерді тасымалдау ережелерін өзгерткенін жариялады.

Осыдан бұрын Pegasus Airlines ұшу кезінде пауэрбанктерді пайдалануға тыйым салғаны хабарланған болатын.