Ресейден әкелінген 63 мың жұмыртқа Қазақстан аумағына кіргізілмеді

АСТАНА. KAZINFORM — «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Самар облысынан (РФ) Қызылорда облысына бағыт алған жүк көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көлікте 63 000 тауық жұмыртқасы тасымалданып келе жатқаны анықталды.

жұмыртқа
Фото: АШМ

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптарының бұзылғаны туралы хабарлады.

— Құжаттық бақылау нәтижесінде ветеринариялық сүйемелдеу құжаттарында көрсетілген жүк жөнелтуші Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына жануарлардан алынатын өнімді жеткізуге рұқсаты бар ұйымдар тізіміне енбегені анықталды. Осыған байланысты жүк кері қайтарылды. Жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тасымалдаушыға ветеринариялық-санитариялық нормалардың талаптары түсіндірілді, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанның ЕАЭО елдерімен шекарасында ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 57 185 көлік құралын және шамамен 738 мың тонна мал шаруашылығы өнімін тексерді. Нәтижесінде 1 020 көлік кері қайтарылып, 397 әкімшілік хаттама рәсімделді. Айыппұлдардың жалпы сомасы — 19,7 млн теңге.

Үшінші елдермен шекарадағы өткізу пункттерінде 21 654 автокөлік, 69 802 теміржол құрамы, 257 теңіз кемесі және 2 139 241,2 тонна мал өнімдері тексерілді. Нәтижесінде 24 автокөлік кері қайтарылып, 24 әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұдан бұрын Қазақстан арқылы өткізбек болған 42,2 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар