Ресейден мұнай өнімдерін импорттау: келісім 2028 жылға дейін ұзартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «2010 жылғы 9 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы енгізілді.
- Аталған хаттамаға 2024 жылғы 27 қарашада Астана қаласында қол қойылды. Келісім аясында ресейлік мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу мүмкіндігі ескерілген. Бұл ретте Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қажетті отын көлемімен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді, - деді депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері арасында келісілген индикативті балансқа сәйкес, мұнай өнімдерін импорттау, сондай-ақ осы келісімді 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту көзделген.
- Атап айтқанда, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 13,7 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған.