Ресейден Павлодарға қонаққа келген ер адам Ертіс өзенінде жоғалып кетті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының төтенше жағдай қызметі жігіттің 28 мамыр күні таңертеңгі уақытта жоғалып кеткенін хабарлады. Ол өзен жағалауына бір топ серіктерімен келіп, спирттік ішімдік ішкен.
Құтқарушылардың мәліметінше, 36 жастағы ер адам Павлодарға Ресейден қонаққа келген. Жанындағы жолдастарымен бірге серуендеп, спирттік ішімдік ішкен. Ал түнгі сағат 3-ке таман ішімдікке сылқия тойып алған көңілді топ Луговая көшесі аумағындағы Ертіс жағалауынан бір-ақ шыққан. Шетелдік азамат суға шомылуды жөн көрген.
– 1990 жылғы жігіт Қазақстан азаматы емес, Ресейден қонаққа келген. Шамамен таңғы сағат 5-ке қарай суға кіріп, шомылып шыққан. Одан соң жолдастарымен бірге қайтадан ішімдік ішкен. Кейін суға екінші рет барып түскен. Алайда бұл жолы қайта шықпаған. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Тілекжан Галямов.
Құтқарушылар қазіргі уақытта Ертістегі судың температурасы 13-14 градус жылы екенін атап өтті.
Шетелдік азаматпен бірге ішімдік ішкен жігіттер полиция бөлімшесіне жеткізілген. Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкені үшін әрқайсысына 22 мың теңгеден айыппұл салынған.
Еске сала кетейік, жазда Павлодар облысында 45 жағажай ресми түрде жұмыс істейтін болады.