13:10, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Ресейдің Омбы облысы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі
МӘСКЕУ-ОМБЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ – Ресейдің Омбы облысы Қазақстаннан шағыл тас жеткізіліміне мүдделілік білдіріп отыр.

Ағымдағы жылы шағыл тастың жеткізілімі 500 мың тоннаны шамалауы мүмкін. Бұл туралы Омбы облысының үкімет төрағасының бірінші орынбасары Евгений Вдовин Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының қатысуымен өткен кеңесте айтты. Омбы облысы үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта шағыл тас өңірге Урал өңірінен, Алтай өлкесінен және Новосібір облысынан теміржолмен жеткізіледі. Өнімнің бағасы 2008 жылы біраз қымбаттады және тауар бағасының 40 пайызын жол шығындары құрап отыр. Солтүстік Қазақстаннан жеткізілетін шағыл тастың сапасы жақсы және өте берік екенін ескерген омбылық құрылысшылар мен жолшылар осынау материалды қазақстандық серіктестерден алуға мүдделілік білдіріп отыр. «Бүгінгі кездесуде біз қазақстандық серіктестерімізбен түйісу нүктелерін таптық. Енді мүдделі тараптардың өкілдерінен жұмыс тобы құрылып, олар өзара ынтымақтастықтың барлық мән-жайын талқылайтын болады. Ең бастысы, бұл мәселеге Омбы облысы да, Солтүстік Қазақстан облысы да мүдделі», - деп мәлім етті Е. Вдовин өз сөзінде.