Ресейдің Славгород қаласында қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды

Орталықта диаспора өкілдері мен тілек білдірушілердің барлығы үшін қазақ тілін үйрету курсы жұмыс жасайтын болады. Ол Славгород тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен, өнерімен, дәстүрлерімен таныстырады, қазақ ұлттық спорт түрлерін насихаттайды.
Бұл Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының жәрдемдесуімен құрылған екінші орталық, алғашқысы осы жылғы сәуір айында Барнаулда құрылған болатын.
Оның ашылған күні ПМПИ филологтары қазақ тілінен алғашқы үлгі сабақ өткізді, оқу құралдарын, көркем әдебиеттерді, қазақ музыкасы мен фильмдері жазылған дискілерді тарту етті.
Осы күні «Трансшекаралық білім беруді дамыту перспективалары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Алтай мемлекеттік университеті мен ПМПИ ғалымдары мәдени білім беру кеңістігіндегі өзара іс-қимыл жайы туралы пікір алмасты, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың бағыттарын талқылады.