Ресейдің әлеуеті шексіз: Трамп Путинмен сөйлескенін жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы әңгімесін оң бағалап, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің «жедел» басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

— Жаңа ғана Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағаттық телефон әңгімем аяқталды. Мен бұл әңгіменің өте жақсы өткенін айта аламын. Ресей мен Украина дереу атысты тоқтату және, одан да маңыздысы, соғысты тоқтату жөнінде келіссөздер бастайды, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.
АҚШ президенті екі тарап келіссөздердің нақты шарттарын өзара келісетінін, өйткені «олар басқалар білмейтін маңызды жайттардан» хабардар екенін айтты.
— Бұл қанды қырғын соғыс аяқталғаннан кейін, Ресей АҚШ-пен ауқымды сауда қатынастарын дамытқысы келеді, және мен мұны құптаймын. Ресейде жұмыс орындарын көптеп ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор мүмкіндік бар. Оның әлеуеті шексіз. Украина да өз елін қалпына келтіру кезінде саудадан үлкен пайда таба алады, — деді Трамп.
Дональд Трамп келіссөздердің дереу басталатынын атап өтті және бұл жайында келесі халықаралық көшбасшыларды хабардар еткенін жеткізді:
-
Украина президенті Владимир Зеленский;
-
Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен;
-
Франция президенті Эммануэль Макрон;
-
Италия премьер-министрі Джорджия Мелони;
-
Германия канцлері Фридрих Мерц;
-
Финляндия президенті Александр Стубб.
Сонымен қатар, Ватикан да, Рим папасының өкілдігі арқылы, бұл келіссөздерге ерекше қызығушылық танытқаны атап өтілді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні ресейлік әріптесі Владимир Путинмен Украинадағы қақтығысты тоқтату мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгенін жаздық.